Фото: stan.kz
Kyzylorda-news.kz Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылдың қазан айында өңірімізге жасаған жұмыс сапарында қала дамуына оң бағасын беріп, бірқатар тапсырма жүктегені белгілі.
Оның ең өзектісі - қаланы ыстық сумен қамтамасыз етуге бағытталды.
Мемлекет басшысының қолдауымен алдағы екі жыл ішінде кезең-кезеңімен тұрғын үйлерімізге ыстық су берілетін болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Еркебай мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин баяндады.
Бүгінде Қызылорда қаласындағы 781 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Оның ішінде 174 үйді ыстық суға қосуға мүмкіндігі бар
(68 тұрғын үй дайын) болса, 424 үй қаржыландыруды қажет етеді. Ал 184 үйді қосу мүмкін емес екен. Себебі аталған тұрғын үйлердің өжірелері, жылу элеваторы жоқ, кейбір тұрғын үйлер апатты болып тіркелген.
− Қаржы қажет етілетін қаладағы 424 көпқабатты тұрғын үйді ыстық су жүйесіне қосу үшін демеушілік есебінен құны 26,2 млрд. теңгені құрайтын 32 жоба әзірленді. Бұл жұмыстар екі кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезеңде биыл 187 үй, екінші кезең 2025 жылы 237 үй.
Биылғы жылы Үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлініп, 187 үй орталықтандырылған ыстық сумен қамту үшін мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланып, жеңімпаз мердігер мекемесі анықталды. Бүгінде, тапсырыс беруші мен мердігер мекемелер арасында келісім-шарт жасасуда. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының мерзімі: 4 айды құрайды, − дейді Ғалымжан Бақтығалиұлы.
Қазіргі таңда қала әкімдігі тарапынан көпқабатты тұрғын үйдің пәтерлерін орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз етуге бағытталған қажетті шараларды қабылдайтын жұмысшы тобы құрылып, алгоритмі бекітілген. Бүгінде бекітілген алгоритм бойынша жұмысшы топ қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үй пәтер иелерімен орталықтандырылған ыстық суға қосу және оны жүргізу бағытында кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Атап айту қажет, пәтер иелері ыстық су жүйесіне қосылғанда тұтынушыларға электрлі су ысытқышқа қарағанда едәуір тиімді болмақ. Мәселен, су ысытқыш қондырғысының 50 литр суды ысытуға орта есеппен 2 кВт күніне, яғни 1 айда және орта есеппен 2 м3 су пайдаланғанда орташа есеп бойынша 1 айға электрлі ысытқышпен шамамен – 1 565,6 теңге төлейді екен. Ал жылу энергиясы арқылы су ысыту жүйесіне келер болсақ бекітілген тариф бойынша 1 м3 – 172,03 теңге. Яғни орта есеппен тұтынушы 2 м3 ыстық суды пайдаланғанда (1 м3 тарифі су, кәріз – 43,1 теңге, 49,69 теңге) қоса алғанда орташа есеппен шамамен – 529,66 теңге құрайды.
Осыған орай, жоғарыда көрсетілген есептемелерге сәйкес электрлі су ысытқыш қондырғысына қарағанда, орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылу 1035,94 теңге айырмашылық, яғни 66,2% тиімдірек болады. Осы ретте, қала тұрғындарын орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылуға шақырамыз. Алдағы 2024 - 2025 жылдар аралығындағы жылу маусымында ыстық су беру көзделуде − дейді Ғ.Еркебай
Бүгінгі күні, Қызылорда қаласындағы тұрғын үйлер электр сужылытқыш немесе газбен жылытылатын құрылғылар арқылы ыстық сумен қамтамасыз етілуде. Бұл өз кезегінде, өрттің пайда болуы немесе тұрғындардың табиғи газбен жаппай улануы себебінен төтенше жағдайлардың туындауына алып келуі мүмкіндігі жоғары болып отыр.
− Биыл қаламыздың Оңтүстік қазандық пен автономдық қазандықтар арқылы жылытылатын үйлер, яғни қаланың Оңтүстік және орталық бөліктері, Шұғыла, Сырдария, Сол жағалау м/а және Тәуелсіздік, Бейбарыс көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су жүйесі жүргізілетін болады.
Қазіргі таңда, жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп, мергігер мекемелер анықталды. Аталған жұмыстарды атқару бойынша облыс әкімімен штаб құрылып іс-шаралар жоспары әзірленді. Аталған ісшара жоспарына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілетін болады, − дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин.