Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінде жас ақын, журналист Айдар Сайлауовтың «Аман жүр ме екен, ауылдағы анам?!» атты әдеби-сазды кеші өтті.
Поэзиясүйер қауымға керемет көңіл-күй сыйлаған кешке игі жақсылар мен студенттер, ақындар мен өнерлі жастар қатысты.
Айдар Әділжанұлы – алдыңғы буынның ізін жалғаған талантты ақын. Білім жолы М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінен басталған. Осы іргелі шаңырақта, алғашқы жыр жинағы жиырма жасында «Баспалдақ» атауымен жарық көріп, ойлы оқырманға жол тартты. Сонымен қатар, ақын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін журналистика мамандығы бойынша тамамдаған. Қазіргі таңда ол республикалық «Ұстаз мәртебесі» газеті мен «Әлімсақ» журналының жауапты хатшысы қызметін атқарады.
Шығармашылық кеш еркін форматта ұйымдастырылды. Алдымен ақын өлеңдерінен театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Содан соң ақын туралы арнайы әзірленген видеоролик көрсетілді.
«Айдар Сайлауов – Сыр бойындағы өзіндік қолтаңбасы, қалың оқырманы бар ақын, алдымыздағы жол көрсетуші ағамыз. Бүгінгі кешіне Аралдан ат терлетіп келіп тұрмын. Ақынның сөзіне жазылған «Аналар ауырмасыншы» атты әнін эстрадалық бағытта орындадым. Кеш жоғары деңгейде өтті», – дейді өнердегі інісі, жыршы Күмісбек Айжарықов.
Айдар қаламгер Сағитжан Бермағамбетов атындағы жастар сыйлығының, Қызылорда қаласы әкімінің «Ұшқыр қалам» номинациясының және «Сыр үміті» сыйлығының иегері. Сонымен қатар, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Екі сағатқа созылған поэзиялық кеш жастардың рухани кемелденуіне, аға буынның жастық шағына сапарлап қайтуына ықпал етті дей аламыз. Шығармашылық кеш соңында қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира Рахметова мен облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Тілес сөз алып, кеш иесіне арнайы алғыс хат, сый-сияпат табыстады.


