Kyzylorda-news.kz  Қызылорда қаласындағы Достық үйінің мәжіліс залында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төртінші отырысы өтті. Жиынға облыстық, қалалық және аудандық Ақсақалдар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Отырысты Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрмұрат Ерманов ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды. Ол өз сөзінде аймақтағы Ақсақалдар кеңесінің 2023 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқанын, түрлі бағытта маңызды жобалар жүзеге асырылғанын атап өтті. Сонымен қатар биылдан бастап жыл қорытындысын шығару мақсатында барлық деңгейдегі кеңестердің атқарған жұмыстары тыңдалатынын жеткізді.

Кеңесте екі негізгі мәселе қаралды: Байқоңыр қалалық және Қармақшы аудандық Ақсақалдар кеңестерінің жылдық жұмыстарының есебі.

Алғашқы болып Байқоңыр қалалық Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Шайқыбек Сүйеумбетов баяндама жасады. Нұрмұрат Наятұлы оның берген ақпаратын жоғары бағалап, Байқоңырдың стратегиялық маңызы зор аймақ екенін, сондықтан онда атқарылған әрбір бастама аса жауапкершілікпен жүргізілетінін атап өтті. Қалалық кеңестің биылғы жылдағы жұмысы жүйелі ұйымдастырылғанын айтып, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.

Одан кейін Қармақшы аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шегебай Құндақбаев жыл көлемінде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Кеңес мүшелері Қармақшыдағы қоғамдық келісім мен рухани тәрбие бағытындағы бастамаларды ерекше атап өтіп, пікірлерін ортаға салды.

Пікір алмасу бөлімінде қатысушылар өңірдегі қоғамдық тұрақтылықты нығайту, ұрпақ тәрбиесін жетілдіру, ауылдық жерлердегі үйлестіру жұмыстарын арттыру жөнінде ұсыныстар айтты. Әсіресе жастар арасындағы тәрбиелік кездесулер мен этносаралық татулықты сақтау бағытындағы шараларды күшейту қажеттігі қозғалды.

Жиын қорытындысында Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрмұрат Ерманов баяндамашылардың көтерген мәселелері бойынша тиісті ұйымдарға ресми ұсынымдар жолданатынын жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта қосымша мәліметтерді дер кезінде ұсыну қажеттігін еске салды.

Отырыс мазмұнды пікірталаспен өтіп, өңірдегі қоғамдық келісім саласындағы жұмыстардың жаңа бағыттары айқындалды, сондай-ақ Ақсақалдар кеңесінің бірқатар мүшелері марапатталды.

Тағы да оқыңыз: