Kyzylorda-news.kz Қызылорда облыстық Славяне этномәдени орталығының ұйымдастыруымен Достық үйінде әдеби-танымдық кеш өтті.
Шараға арнайы шақырылған қонақтардың қатарында Ресей ынтымақтастығы өкілдігінің Қазақстан Республикасындағы жетекшісі Алматыдағы Орыс үйінің басшысы, консул Мария Симакова, облыстық қоғамдық даму басқармасының ҚХА Хатшылығы этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Ерлан Сисенбиев, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов және этномәдени бірлестіктер мен мәдениет саласының өкілдері болды.
Кеш аясында А.С.Пушкин атындағы кітапхананың көркем әдебиеттер көрмесі ұсынылып, И.А.Крыловтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнематериалдар көрсетілді. Қатысушылар оның басняларындағы адам мінезін әжуалау, тәрбиелік идеялар мен көркемдік ерекшеліктер туралы тың деректер алды.
Оқушылар «Ворона и Лисица», «Квартет», «Лебедь, Рак и Щука», «Стрекоза и Муравей» сынды танымал басняларды театрландырылған көрініс ретінде сахналап, әр шығарманың мәнін қазіргі заманмен ұштастыра білді. Викториналар, «Қара жәшік» ойыны, «әдеби мәзір» және музыкалық нөмірлер кештің көркін аша түсті.
Шара соңында қонақтар И.А. Крыловтың даналыққа толы мұрасы – адамгершілікке, еңбекқорлыққа, ізгілікке үндейтін нағыз рухани қазына екенін атап өтті.
