Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысынан 800-ге жуық жастар әскерге аттану жоспарланған болатын.
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен мерзімді күзгі әскерге шақыру науқанына байланысты көшпелі брифинг өтті.
2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қызылорда облысынан 800-ге жуық жастар әскерге аттану жоспарланған болатын. Оның ішінде ҚР Қарулы күштерінің қатарына 350-ге жуық, Ұлттық ұланға 270-тен астам, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне 150-ге жуық және Мемлекеттік күзет қызметіне 4 адам шақырылады. Бүгінде 250-ге жуық Сыр жастары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен ҚР Қарулы күштерінің қатарында қызмет етуге аттанды.
«Қазір таңда ҚР Қарулы Күштеріне қарасты әскери бөлімдеріне мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жүргізілуде. Облыс көлеміндегі барлық жиын пункттері күзгі мерзімді әскери қызметке шақыруға қызмет жасауда. Әскерге шақыру SMS-хабарламалар немесе үйіне және жұмыс орындарына дербес шақырту қағаздарын жіберу арқылы жүзеге асырылуда. Сыр елінің азаматтары ішінен Отан алдындағы борыштарын өтеуге белсенділік танытып жатқандары жетерлік. Күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны осы жылдың аяғына дейін жалғасады», - деді Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Ғалымжан Тасжанов.
Айта кетсек, жоғары білімі, мамандығы бар азаматтар жақсы нәтижелер көрсету арқылы келісімшарт бойынша әскери қызметке орналаса алады.

