Kyzylorda-news.kz. Биыл аймақта қоршаған ортаны қорғау саласында 69 субъектіге бақылау шаралары ұйымдастырылды. Қоршаған ортаның ластануының 5 дерегі анықталып қоршаған ортаны қайта қалпына келтіру бойынша 5 субъектімен ремедиация бағдарламасы әзірленіп, табиғат пайдаланушылармен жалпы аумағы 2971,5 шаршы метр ластанған жер қалпына келтірілді. Бұл жөнінде Қызылорда облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Садықов баяндады.
Осы жылы «Қазақстан Ғарыш сапары» АҚ-мен жүзеге асырылған ғарыштық мониторинг нәтижесімен 74 рұқсатсыз қалдық орны анықталып, облысымыз Республикада алғашқылардың бірі болып, қысқа мерзімде қалдық орындарын 100% жойды. Департаменттің заңсыз қалдық орындарын болдырмау жөніндегі жұмыстардың нәтижесімен рұқсатсыз тасталған қалдықтардың орындары да жыл сайын азайып келеді. Департаменттің мемлекеттік экологиялық бақылау қызметі «Байқоңыр» кешеніндегі объектілерді де қамтиды. «Байқоңыр» кешеніндегі 9 объектіге жоспарлы тексеріс жұмыстары жүргізіліп, анықталған 5 заң бұзушылықты жою жөнінде ұйғарым берілді, - деді Нұрбек Қыдырәліұлы.
«Байқоңыр» кешеніндегі өзекті мәселе – қала және Төретам кентімен Ақай ауылдық округінің маңайындағы құрылыс қалдықтарын жою. Осы мәселе Қазақстан-Ресей арасындағы Байқоңыр кешені жөніндегі 7 үкіметаралық комиссия отырысында қаралды. Комиссия шешімімен 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы бекітіліп, 12 652,7 м3 қалдықтар жойылды.
