Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 262 учаскелік полиция инспекторы және олардың 63 көмекшісі бар. Бұл туралы Қызылорда облыстық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Сәлеметсіз бе, мен Сіздің учаскелік полиция инспекторыңызбын!» атты рубрикасы арқылы хабарлады.
«Тұрғындар тыныштығын күзеткен учаскелік инспекторлар әмбебап мамандар. Жұмыстары шаш етектен. Күнделікті көршілердің айқай – шуынан бастап, қоқыс пен темекі тұқылын тастау сынды құқық бұзушылықтардың жолын кесіп қана қоймай, олардың алдын алуда. Таң атқаннан кеш батқанға дейін қайнаған тіршіліктің ортасында жүрген учаскелік полиция инспекторлары қызметінің көзге көрінбейтін ауыртпалығы көп, жауапкершілігі мол», - дейді департамент бастығы Мқхтар Қожабаев.
Аймақтың бас тәртіп сақшысы өз сөзінде учаскелік полиция инспекторларының азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон, қоршаған ортаны қорғау, кәмелетке толмаған жеткіншектердің ата-анасының рұқсатынсыз түнгі уақытта жүруі секілді мәселелерді шешу жүктелгенін айтты.
«Жауапкершілік үлкен, себебі учаскелік полицейдің жұмысының нәтижесі бойынша жалпы ішкі істер органдарына баға берілетіні белгілі. Бұл ретте учаскелік инспекторларды халық пен полицияны байланыстырушы буын десек артық айтпаспыз. Бүгінде өңірімізде халықтың тыныштығы мен тәртібін 262 учаскелік полиция иснпекторлары және олардың 63 көмекшісі қадағалайды. Олар күнделікті өздеріне тиесілі әкімшілік аймақтарын аралап, жалға берілетін пәтерлерді анықтап, азаматтығы жоқ адамдарды тұрақты немесе уақытша тіркелген мекенжайы бойынша тексеріп, азаматтық қару иелерінің қару-жарақты сақтау талабының орындалуын тексереді. Учаскелік инспектордың бұдан өзге де толып жатқан міндеті бар. Тұрғындардың арыз-шағымдарын қарайды, туындаған мәселелерді құқықтық заңға бағындырады. Тұрғындардың тыныштығын күзеткен учаскелік полиция инспекторлары азаматтар үшін танымал, қолжетімді, беделді десек артық айтпаспыз. 24 сағат байланыста болатын олар үшін ең бастысы халық тыныштығы мен қауіпсіздігі. Халықпен ашық диалог жүргізетін олар қай кезде болмасын көмек қажет кезде тұрғындардың жанынан табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, сервистік модельді масштабтау және «жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыруда құқық бұзушылықтардың алдын алу саласындағы негізгі буын ретінде учаскелік полиция инспекторлары қызметіне беріледі. Олар халықпен жиі кездесулер өткізіп тұрады. Әр аймақ өз учаскелік полиция инспекторын жақсы таниды. Бұл да қазіргі полицияның халыққа жақын екенін көрсетеді. Визиткадан бөлек, учаскелік инспектордың фотосы, аты-жөні жазылған ақпарат парақшасының әр үйге таратылатынына тұрғындар куә», - дейді Мұхтар Қожабаев.
Айта кетейік, Қызылорда облысы полиция департаментінің «Facebook»және «Instagram» әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында тұрғындардың тыныштығын күзеткен учаскелік полиция инспекторлары туралы ақпарат орналастырылған.

