Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында ресми түрде 2 мыңнан астам волонтер тіркелді және 30-ға жуық волонтерлік топтар бар. 2022 жылмен салыстырғанда биыл волонтерлер саны 500-ге көбейді.
Аймақтың волонтерлері, ұйымдары, жастары, ҮЕҰ-ның өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшыларының қатысуымен «BIRGEMIZ» облыстық волонтерлер слеті өтті.
Слет бағдарламасы негізінде түрлі іс-шаралар және марапаттау рәсімі, пленарлық отырыс жүргізілді. Сондай-ақ, бір-бірімен тәжірибе алмасуға, жастардың волонтерлікке деген қызығушылығын арттыруға, жаңа мүмкіндіктерге жағдайлар қалыптасты.
Іс-шара барысында «Birgemiz» волонтерлер, Республикалық Фронт офисінің өкілі, тренер Досымбеков Айбек Аяпбергенұлының тәлімгерлігімен жас волонтерлерге шеберлік сағатын өтіп, тәжірбиесімен бөлісті.
Қатысушылар 5 топқа бөлініп, ұлттық спорт сайыстарынан бақ сынады, жүлделі орын иеленген командалар марапат төрінен көрінді.
Аймақтағы волонтерларды ынталандыру және адвокация негіздері пленарлы отырысында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов аймақ үздіктерін «Үздік волонтерлік ұйым», «Үздік корпоративтік ұйым», «Жомарт ұйым», «Үздік қамқоршы ұйым», «Үздік волонтерлік бастама», «Үздік волонтер», «Жанашыр волонтер», «Төтенше жағдайлар волонтері», «Үздік әлеуметтік волонтер» «Жылы жүрек волонтері» номинацияларымен марапаттады.
– Ерікті жастар бұл қоғам үшін маңызды рөл атқарады. Олардың атқарып жатқан әрбір ісі халық игілігі үшін орындалуда. Осы орайда халық үшін, қоғам үшін атқарып жатқан істеріне сәттілік тілеймін. Әрдайым еңбектің жемісін көруге тілектеспін, – деді ол.
Шара қонақтары БҰҰ-ның Қызылорда облысы координаторы Қанатбек Айтбайұлы, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы, Түркістан облысының жастар ресурстық орталығы қатысушыларға тілек білдіріп, игі бастамалардың сәтті жүзеге асуына, ел дамуы жолында адал қызмет ете беретініне сенім білдірді.
Еріктілерге қолдау білдіру, игі істерін насихаттау жыл көлемінде жалғасатын болады.