Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 159 жобаға шағын несие беру мақылданған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков хабарлады.
«Жыл басынан бері 3423 кәсіпкерлік бастама гранттармен қаржыланырылып, 1939 жоба банктер мен қаржы институттары арқылы 28,3 млрд. теңгеге несиелендірілді. Қазірдің өзінде «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығымен шағын кәсіпкерлердің 159 жобасына 965,5 млн. теңге шағын несие беру мақұлданды. Сонымен қатар биылғы жылы қаңтар оқиғасынан зардап шеккен 21 кәсіпкерлік субъектісінің қызметін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді», - дейді басқарма басшысы.
Өнеркәсіп саласының 70 пайыздан астамы тау-кен секторына тиесілі. Соңғы 8 жыл ішінде өңір үшін үлкен проблема мұнай өндіру көлемінің қысқаруы болып табылады. Мұнай өндіру ісі жыл сайын 10-12 пайызға қысқарып келеді.
«Биылғы жылы мұнай өндіру көлемі 700 мың тоннаға төмендеп, 3,5 млн. тоннаны құрайды. Осыған орай, мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты 10 айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,3 пайызға төмендеп, 854 млрд. теңгені құрады. Дегенмен, мұнай қорын толықтыру мақсатында геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Республикалық бюджет қаражаты есебінен Шу-Сарысу, Сырдария және Арал бассейндерінде зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделген», - дейді Қамбарбек Мүбәраков.
Айта кетейік, 2013 жылдан бастап өңірде мұнай өндіру көлемі шамамен 60 пайызға қысқарды. 2013 жылы 10,5 млн. тонна өндірілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 4,2 млн. тоннаны құрады.

