Kyzylorda-news.kz. Ұстаздардың біліктілігін арттыру маңызды. Биыл өңірімізде 5634 мұғалім біліктілігін арттыру курсынан өтті, жыл соңына дейін тағы 1976 мұғалім өтетін болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет мәлімдеді.

«Тағы бір жаңашылдық үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа тәртібі енгізілді. Бос орындарға толық жүктеме қалыптасқан жағдайда, ұстаздар ашық конкурстық іріктеу арқылы қабылданады. Бұл білім беру ұйымдарын сапалы мамандармен қамтамасыз етудің тиімді жолы. Жұмысқа қабылдаудың жаңа тәртібі бойынша бүгінгі күнге мектептерге 36 маман қабылданды. Сондай-ақ, ұстаздардың біліктілігін арттырудың тағы бір критерийі – аттестация екені белгілі. Бүгінгі күнге дейін 15 729 педагог аттестациядан өтсе, жыл соңына дейін 650 педагог аттестацияланатын болады. Айта кететін жайт, биыл ұстаздар күнін өңірде атап өту бойынша бірқатар шаралар көзделген. Мерейлі мерекені атап өту жөнінде арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес бүгінгі күні барлық білім беру ұйымдарында әдеби-көркем, ғылыми-танымдық бағытта шаралар басталып кетті. Осы тұста, Сыр өңірінің барша ұстаздарын кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Еліміздің болашағы, өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңізге табыс, шығармашылық жетістіктер тілеймін», — деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

№4 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының тарих пәнінің мұғалімі Айман Смағұлова мұғалімнің әрбір жетістігі қажырлы еңбектің арқасында оң нәтижеге жетеді деп есептейді.

«Осы тұста мен қызмет ететін білім ұйымына өз үлесімді қосып келем. Ол менің басты парызым мен ұстанымым. Оның себебі «Дарын» облыстық, республикалық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен жүргізілген пәндік олимпиада, ғылыми жоба байқаулары, әр түрлі интеллектуалды жарыстарда оң нәтиже беріп ұстазбен шәкірттің берік қамалын нықтай түсудемін. Мен өз мектебіммен, әріптестеріммен мақтанамын. Өмірдің әр сәтінен сабақ алу. Бекзаттық жол, жақсыға еліктеу, өмірлік тәжірибені өзгеге үйрету менің өмірлік құндылықтарым. Еңбек үздіксіз үйренгендіктің арқасында жеңілдей түседі.Сол себепті ұстамдылықты басшылыққа алу, білімге құштарлық басты ұстанымдарым. Қадірлі ұстаздар қауымы, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге табыс тілеймін. Баршаңызды ел ертеңі болатын зияткер тұлға тәрбиелеуге шақырамын», — деді Айман Смағұлова.

Тағы да оқыңыз: