Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда күрделі мәселелердің біріне айналып отыр. 

Қызылорда облысының Полиция департаментімен бұл бағытта  жүйелі  түрде алдын алу шаралары жүргізілуде. 

Жыл басынан ювеналды полиция бөліністерінің қызметкерлерімен барлығы 2322 құқық бұзушы ішкі істер органдарына жеткізілсе, оның ішінде 94 кәмелетке толмаған бейімдеу орталығына жатқызылды, 11  жасөспірім қылмыс жасағандары үшін ұсталды. Сондай-ақ түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын жайдан тыс жерде жүрген 1252 кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Қызылорда облысындағы қоғамдық орындар мен көшелерде, түнгі клубтарда, кафе-барлар мен мейрамханаларда мектеп оқушыларының түнгі жүрістерін ырықтау, бей-берекеттіліктің алдын алу, олар тарапынан түн мезгілдерінде орын алатын құқық бұзушылықпен қылмыстың алдын алу мақсатында күнделікті кешкі сағат 22:00-ден бастап рейдтік  шаралар жүргізілуде. 

 Әрбір рейдтер бойынша ата-аналар мен жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, топтасып жасалған құқық бұзушылықтың зардаптары, оның жауапкершілігі туралы түсіндіріліп келеді. 

Облыс көлемінде кәмелетке толмағандар арасындағы криминогенді жағдай, жасөспірімнің барлық құқық бұзушылық мәселелеріне тосқауыл қою, басқа да құқық қорғау органдарымен, бала тәрбиесіне қатысты да, жауапты құзырлы мекемелермен бірлесіп атқарар жұмыстар мен тағы басқа мәселелерге ерекше көңіл аударылуда. 

Балалардың тәрбиесімен айналыспай, ата-аналық міндеттерін дәлелсіз себептермен орындамайтын 2  ата-ананы сот құзырымен ата-аналық құқығынан айырылса, 4 ата-ананың ата-аналық құқығы шектелді. 3 кәмелетке толмағандар Облыстық девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатына орналастырылды.

Балалардың қауіпсіздігі – бірінші орында.  Олардың қауіпсіздігіне тек тиісті мекемелер ғана емес, тұтас қоғам жауапты болу керек. Сонда ғана бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. 

Тек полиция күшімен кәмелеттік жасқа толмағандардың және оларға қарсы жасалатын қылмыстарды тыю мүмкін емес.
Сол себептен, бала тәрбиесіне мүдделі органдармен бірігіп балалар мен ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу оң нәтиже беретіні анық.

Қазіргі уақытта жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын  алу мақсатында  ұйымдастырылған рейдтер өз жалғасын табуда.

Іс-шара барысында ІІО-ның қызметкерлері, денсаулық сақтау, үкіметтік емес, білім беру ұйымдарының өкілдерін және бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін кәмелетке толмағандар түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде болу деректерін, сондай-ақ, сағат 23:00-ден  06:00-ге дейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын жайдан тыс жерде болуы, кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз және панасыз қалу деректерін анықтау мақсатында рейдтер ұйымдастырылып келеді.  

Күнделікті  полиция қызметкерлері  компьютерлік клубтар мен дүкендерді, ойын сауық орындарын  тексеріп отыр.  
Бұл жұмыстарды облыс бойынша 100-ге жуық  ювеналды инспекторлар атқаруда.  Олармен соңғы үш күн ішінде  170-тен астам құқық  бұзушылық анықталды.  

Мәселен, облыс орталығының өзінде сәуір айының басынан кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ішкі істер органдарына 110 жасөспірім жеткізіліп, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) заңды өкілдері мен ата – аналарына 110 әкімшілік хаттама толтырылды. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына  18 жасөспірім  орналастырылды. 
Сонымен қатар, облысымыздағы жасөспірімдер мен жастардың құқықтық мәдениетін көтеру, оларға құқықтық тәрбие беру үшін ішкі істер органдарының қызметкерлері және басқа да мүдделі органдарының өкілдерімен бірлесе отырып оқу орындарында 337 дәрістер, 51 кездесулер ұйымдастырылды.    

Іс-шара барысы  жергілікті телеарнада,  баспа беттерінде және интернет-ресурстарында кеңінен жариялануда. 
Алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан бұл шаралар  алдағы уақытта да жалғаспақ.  

image-14-04-23-11-01.jpeg
image-14-04-23-11-01-2.jpeg

Тағы да оқыңыз: