Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекемесінде бас бостандығынан айырылған 10 адам шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.

Бұл мүмкіндік «қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асты. Босап шыққандардың дені бөтеннің мүлкін жымқырып, темір торға тоғытылғандар. Сот үкімімен олар 6 және 8 жыл аралығында басбостандығынан айырылған.

– ҚК 72 – 73 бабына сәйкес жазаның жеңіл түріне ауыстыру және шартты түрде мерзімінен бұрын босату бойынша 10 сотталған мемлекетке қылмыспен келтірілген шығынын өтеп, заңнамада көрсетілген жеңілдікке ие болды, – деді  мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әділет подполковнигі Алтынбек Тұрарбекұлы.

Сотты болғандар еркін өмірге қадам басу үшін тағайындалған жазаның жарты бөлігін өтеп, үлгілі тәртібімен көзге түсіп, қоғамға бейімделу үшін барын салды. Бостандыққа шыққан бойда олар пробациялық бақылауға алынады.

– Мекеме әкімшілігіне қоғамға бейімдеу үшін жасаған шаралары мен тәрбие жұмыстары үшін өз алғысымды айтамын. Түзеу жолына өзімді нық тұрдым деп есептеймін. Енді қателікке жол бермеуге уәде беремін, – деді босап шыққан азамат.

Тағы да оқыңыз: