Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен қаладағы тұрғын үйлердің сырты заманауи панельдермен қапталмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Әнуар мәлімдеді.

Бұған дейін қаладағы тұрғын үйлер қайта жаңғыртудан өткізіліп, сырты бояумен сырланатын. Енді олар заманауи үлгідегі жабындылармен қапталмақ.

Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айдын Әнуардың айтуынша, қала орталығындағы 18 көпқабатты тұрғын үйдің сырты арнайы фасадтармен қапталады. Бұдан соң Абай даңғылы, Ғани Мұратбаев көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлерге де аталған жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 

Бүгінгі күні қала орталығындағы көпқабатты 4 үйге заманауи үлгіде жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Мамыр айына дейін 25 тұрғын үйдің қасбетін қаптап, тұрғындар игілігіне беру жоспарланған. 

Айта кетер жайт, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін заманауи панельдермен қаптау демеушілер есебінен жүргізілуде.

Жалпы биылғы жылы негізінен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына аймақта 27 миллиард 510 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа 84 пәтерлі 7 қабатты және 504 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілмек. Биылдың өзінде қаладағы Сол жағалау аумағындағы №5 кварталдан 40 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген-ді. Бұған облыстық бюджеттен 562,5 миллион теңге қаржы бөлінген.

Тағы бір маңызды мәселе – биыл Қызылорда қаласында құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Соның ішінде мәдени ошақтар мен нысандар салу жұмыстары кең көлемде атқарылуда. Мәселен, жалпы құны 3,7 миллиард теңге болатын «Өнер орталығы» қаланың өнерпаз дарындарына қызмет ететін болады. Одан бөлек 2,8 миллиард теңгеге медициналық маңызы зор «Қан орталығы», 1,6 миллиард қаржыға көптің сұрауына айналған «Неке сарайы» бой көтереді. 

Сонымен қатар 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпбейінде аурухана құрылысына 3 миллиард 272,4 миллион теңге қаржы бөлінген. Тасбөгет кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысына да 542,1 миллион теңге қаржы бөлінген.

Қызылорда облысын алдағы уақытта жылумен қамтамасыз ету және электр энергиясымен толық жабдықтау мақсатында арнайы кешен салынбақ. Бүгінде қуаттылығы 240 мгВт-қа жететін жылу-электр орталығы құрылысының іргетасы қаланды. Кешеннің «Акса энерджи» атты түрік компаниясымен бірлескен құрылыс жұмыстарын аяқтау 2025 жылға жоспарланған. 

Одан бөлек аймақта халықаралық стандарттық талаптарға сәйкес келетін әуежай құрылысы да жүргізілуде. Жалпы құны 31 миллион АҚШ доллары болатын нысанның жобасы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) өзекті стандарттарына сәйкес келеді. Оның авторы – Нидерланд, Ресей, Түркия және Парсы шығанағы елдеріндегі әуежайларды жобалауда 20 жылдық тәжірибесі бар «GMW Mimarlic» түрік жобалық компаниясы.

Нысан пайдалануға берілген кезде көлік саласының көрсеткіштері бірнеше есе артпақ.  Қазір жылына 1400 рейс орындалса, 2025 жылға қарай рейс саны 3000-ға жетеді деп күтілуде. Тасымалданған жолаушы саны 260 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғаяды. Ал, жүк тасымалы 150 тоннадан 300 тоннаға дейін артады деп межеленуде. Құрылыс  кезінде 600-ден астам адам жұмыспен қамтылады, аяқталғаннан кейін 64 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылады.

Одан бөлек «Қазгермұнай» ұлттық компаниясының басшылығы Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысын жүргізбек.  

Тағы да оқыңыз: