Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімдігінде Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың қатысуымен су тапшылығы жағдайында егістікті сумен қамтамасыз ету мәселесіне арналған селекторлық мәжіоіс өтті.

Жиында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Сырдарияның төменгі ағысында вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өтіп жатқандығын, әсіресе күріш егу және оны суға бастыру жағдайы аса қиын жағдайда екендігін айтты.

Бүгінде Сырдария өзенінің ағысын реттейтін Нарын-Сырдария су қоймаларындағы су көлемі өткен жылдан 2 млрд.текше метрге кем. Қазіргі таңда Шардара су қоймасына түсіп жатқан судың көлемі егіншілерімізді алаңдатып отыр. Ағымдағы жылы облыс бойынша 188,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланса, оның ішінде күріш егісінің көлемі өткен жылдан 5,1 мың гектарға қысқартылып, 84,4 мың гектарға егу межеленді. Дегенмен, күріш егу және оны суға бастыру жағдайы аса күрделі болып отыр. Атап айтқанда, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда күріш егу 5,1 мың гектарға және суға бастыру 7,4 мың гектарға кем келе жатыр. Су тапшылығы жағдайының алдын алу үшін, Су ресурстары комитеті мен Қызылорда облысы әкімдігінің вегетациялық кезеңде су тапшылығының алдын алу бойынша атқарылатын бірлескен іс шаралар жоспарын бекіттік. Сонымен бірге, каналдар арқылы су алу режимдерінің кестеге сай орындалуына мониторинг жүргізетін жұмысшы тобы құрылып, жұмыс жүргізілуде, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Тағы да оқыңыз: