Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысындағы тұрақтандыру қорында 970 тоннадай азық-түлік бар. Оның 268 тоннасы картоп, 130 тоннасы пияз. Әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда орталықтарындағы арнайы бұрыштар арқылы пияз 90-95 теңгеден, картоп 138 теңгеден сатылып жатыр. Ал нарықта пияз 300-350 теңге болса, картоп 200 теңгенің шамасында.
Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта тұрақтандыру қоры жүйелі жұмысын жалғастыра береді. Ол үшін бірқатар тауар өндірушілермен делдалсыз келісімдер жасалған.
«Қазіргі уақытта бірінші міндетіміз тауар өндірушілерден тікелей алған дұрыс. Өйткені бағасы да тиімді болады. Және одан бөлек форворттық сатып алу деген бар. Алдын ала келісіп, егіннің өсуі алдында қаржылай беріп қоямыз. Соның уақыты келген кезде жинап, өзіміздің әлеуметтік бұрыштарға жеткізіп отырмыз», - деді «Байқоңыр» ӘКК басқарма басшысы Талғат Бекішов.