Kyzylorda-news.kz Дәл қазіргі уақытта мектеп бітіруші түлектер мамандық таңдап өз саласын таңдайтын кезеңге аяқ басты. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ болашақта кім болатынын бағамдайтын оқушылар соған сәйкес пән бойынша білімін арттыратыны рас. Алайда мамандық таңдауда пәнге бейімділіктен бөлек баланың қабылеті де ескерілуі керек.

Елімізде мектеп бітірген, жоғары немесе орта арнаулы оқу орындарының табалдырығын аттаған жастар мен талап­керлердің мамандық таңдауы – олардың болашағын айқындайтын шешуші кезең. Жоғары білім алған жас мамандардың 40 пайыздан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін статистика көрсетіп отыр. Бұл жеке қалау ғана емес, сонымен қатар жастардың кәсіби таңдауына әсер ете алатын нарықтық үрдістерді де көрсетеді. Мектептердегі кәсіптік бағдар беру оқу­шылардың ниеттерін қалыптастыруда бас­ты рөл атқаратынын атап өткен жөн. Мұғалімдер мен кәсіптік кеңесшілер оқу­шының бейімі мен қызығушылығын ерте анықтаудың маңызын, болашақ ма­мандықты саналы түрде таңдауға ықпал етеді. Жастардың кәсіби бейімділігіне әлеуметтік желілер де айтарлықтай әсер етеді. Кейбір жастар оқу орындарында оқығаннан гөрі блогер немесе басқа да шы­ғармашылықпен айналысуды қалайды.

Кеңесіп пішкен тон келте болмас

Мамандық таңдауда мамандардан кеңес алу қалай көмектесетіні жайлы білу үшін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің  рекрутинг және мансап басқармасының басшысы Жандос Оразмахановтың пікіріне жүгіндік. Маман талапкерлер үшін мамандық таңдау әрбір жастың өміріндегі маңызды қадам екенін айтты. Бүгінгі таңда талапкерлердің ал­дында мамандықтар мен білім беру бағ­дарламаларының үлкен таңдауы тұрғанын, бұл шешім қабылдау кезінде қандай қиындықтар тудыруы мүмкін екенін атап өтті.

– Қазіргі таңда IT және бағдарламалау, медициналық ғылымдар, инженерлік ма­мандықтар, бизнес және қаржы, сондай-ақ цифрлық маркетинг және мәліметтерді талдау салалары өте сұранысқа ие. Бұл мамандықтар еңбек нарығында тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етеді және үнемі жаңарып отыратын технологиялар мен трендтерге байланысты әрдайым өзекті. Қазір талап­керлерге мамандық таңдау кезінде қаржы, заң немесе ауыл шаруашылығы болсын, кез келген мамандық таңдауда қате жоқ екенін ескеруге кеңес береміз. Мысалы, қасапшы болу – тамаша кәсіп, бірақ бұл үшін төрт жыл басқа салада диплом алу керек пе? Немесе бір салада жоғары білікті маман болып, қызығушылықсыз жұмыс істеген дұрыс па? Мәселе осында. Егер талапкер өзінің дағдылары мен қабілеттеріне сай келетін мамандықты таңдап, 4 жыл бойы тереңдетіп оқыса, мықты маман болады. Қарапайым мысал: бізде су шаруашылығы мамандығы бар. Бірақ жастар бұл маман­дыққа қызығушылық танытпайды, сол се­бепті біздің елде бұл салада кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. Нәтижесінде елімізде осы сала мамандарының жетіспеу­шілігінен су саласында мәселелер аз емес.  Сондықтан біз мамандық ұсынған кезде таңдалған мамандық тек қызықты ғана емес, сонымен қатар қоғам мен ел үшін пайдалы болуы керек екенін атап өтеміз. Ұзақ мерзімді перспективада бұл сту­дентке кәсіпте жетістікке жетуге ғана емес, сонымен бірге елдің дамуына өз үлесін қосуға көмектеседі, – дейді маман.

Сарапшы еліміз үшін білікті кадрлардың қажеттілігін атап өтті. Ол мамандық таңдау үшін талапкерлермен көптеген іс-шара мен кездесулер өткізетінін атап өтті. Бұл шешім қабылдауды жеңілдету және ең тиімді мамандықты таңдауға көмектесу мақсатында жасалады.

– Талапкерлер өз қызығушылықтарын ескерместен, тек ата-аналарының немесе қоғамның пікіріне сүйеніп мамандық таң­дайды. Көбінесе олар еңбек нарығындағы өзгерістерді ескермейді және болашақта қажетті дағдыларды меңгеру қажеттілігін түсінбейді. Бұл қателіктерді болдырмау үшін оқушыларға өздерінің қабілеттерін, қы­зы­ғу­шылықтарын және нарықтағы сұранысты жақсылап зерттеу керек. Уни­верситеттер және кәсіби бағдар беру орталықтары студенттерге кеңес беру және кәсіптік тестілеу арқылы көмек көрсете алады, – дейді Жандос Шынжырбайұлы.

Университет кәсіби бағдар беру жұ­мыстарын үнемі ұйымдастыратынын атап көрсетті.

– Университетімізде Рекрутинг және мансап басқармасы талапкерлерге үздіксіз кеңес беру қызметтері, кәсіби бағдар беру бағдарламалары, шеберлік сыныптар мен семинарлар, сондай-ақ Қызылорда облы­сының барлық аудандары мен қала­ларына RoadShow ұйымдастырылады. Біз оқушыларға қажетті ақпаратты ұсына оты­рып, олардың дұрыс таңдау жасауына көмектесеміз. Біз оқушылармен жеке және топтық кеңес беру, онлайн және офлайн кездесулер, кәсіби тестілеу, шеберлік сыныптар, семинарлар және ашық есік күндерін ұйымдастыру арқылы мамандық таңдауда көмек көрсетеміз. Сонымен қатар кәсіптік тәжірибе және өндірістік экскурсиялар ұйымдастырып, оқушыларға нақты кәсіптер туралы ақпарат береміз, – дейді рекрутинг және мансап басқармасының басшысы Жандос Оразмаханов.

Ұлттық тестілеу орталығының ақпа­ратына жүгінсек, елімізде негізгі ҰБТ-2024 бас­талғалы бері 71 мың  адам тест тапсырған. ҰБТ-ға 186 мыңға жуық талапкерден екі мүмкіндікті есепке алғанда 342 мыңға жуық өтініш қабылданған. Оның ішінде тест тапсырушылардың 75 проценті қазақ тілінде, 25 проценті орыс тілінде, 229 адам ағылшын тілінде ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірді. Түлектердің 16 проценті «Математика-Физика», 16 проценті «Биология-Химия», 13 проценті «Шығармашылық», 11 проценті «Математика-Информатика» пәндерін таңдады. Қал­ған талапкерлер колледжден кейінгі қыс­қартылған оқу түрін таңдады.

– Қазіргі таңда елімізде мұғалімдердің мәртебесі мен жалақысының өсуіне бай­ланысты көптеген студент педагогикалық ма­­мандықтарды таңдай бастады. Олардың көп­шілігі ҰБТ-да жоғары балл алып, осы мамандықтарға түседі. Неліктен? Өйткені олар жоғары стипендия мен жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жалақысы жоғары жұмыс­қа орналасуға мүмкіндік бар деп сенеді. Тағы бір танымал сала – IT саласы. Бұл салада 4500-ден астам грант бөлінген және студенттер жаңа инновациялық тех­нологияларды үйрену­ге қызығушылық танытуда. Бұл бағыттар университетке түсетін студенттер арасында да жоғары сұранысқа ие, – дейді сарапшы.

Статистика сыры

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2022-2023 оқу жылында Қазақстандағы студенттердің жалпы саны 575,5 мың адамды құраса, оның 53,7 проценті әйелдер. Студенттердің басым бөлігі (97,2 проценті) күндізгі бөлімде оқиды. Сонымен қатар 2023 жылы студенттер саны 592,7 мыңға дейін өсті, бұл жоғары білімге деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Алайда жалпы орта білім беру базасында оқуға қабылдаудың жоғары пайызына қарамастан 2022-2023 жылдары – 65,2 процент және 2023-2024 жж. – 71,7 процент таңдалған мамандық пен еңбек нарығының нақты қажеттіліктері ара­сындағы сәйкессіздік проблемасы бай­қалады.

Кәсіптік бағдар беру жағдайында білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты ескеру маңызды. Мемлекеттік гранттар мен квоталар белгілі бір мамандықтарға қызығушылықты оятуы мүмкін. Мысалы, 2023 жылы 64,3 мың студент квота бойынша білім алды, бұл халықтың әлеуметтік жағдайы төмен жастарға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстанда жоғары оқу орындарының санының қысқару үрдісі байқалып отырғанын атап өткен жөн, бұл білім беру бағдарламаларының қолжетім­ділігі мен әртүрлілігіне әсер етуі мүмкін.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» ақпараты бойынша 2030 жылға қарай елі­мізде жастар саны 5,9 миллион адамға же­теді, бұл білім беру қызметтеріне, жұмыс орындарына, сондай-ақ тұрғын үй мен медицинаға сұраныстың артуына әкеледі. Еңбек нарығына жас жұмысшылардың жыл сайынғы ағыны 300 мың адам деңгейінде болжанады. Жұмыспен қамтылған жас­тардың 20 процентке жуығы мамандық бойынша жұмыс істемейді. Диплом мен еңбек мін­деттерінің сәйкес келмеуінің салдары жалақының 15 процентке төмендеуіне әкеп соғады. Орталық жүргізген талдау нәтижесінде мамандарды даярлау сапасын арттыру, сондай-ақ жұмыс күшінің ішкі ұтқырлығын қамтамасыз ету жөніндегі құралдарды дамытуға арналған нұсқалар ұсынылды. Соңғы бес жылда республикада жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар келісімшарты, жастарға арналған гранттар сияқты жас­тарды жұмыспен қамтуға бағытталған шараларды қолдауға 63 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. 1,2 миллионнан астам жастар болды, олардың 70 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты. Болжам бойынша электрондық еңбек биржасында жарияланатын бос жұмыс орындарының саны 1,15-тен 1,3 миллион бірлікке дейін болады деп күтілуде.

Қазақстандағы жастар мен мектеп бітіру­шілер үшін мамандық таңдау – жеке қалау, нарықтық үрдістер, әлеуметтік ықпалдар және мемлекеттік білім беру саясатын қоса алғанда көптеген факторларға байланысты күрделі процесс. Жастардың табысты бола­шағын қамтамасыз ету үшін білім беру мекемелерінің, мемлекеттің және бизнес-қоғамдастықтың қазіргі еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес келетін кәсіптік бағдар беру және оқыту мәселелерінде күш-жігерін біріктіру қажет.

Трендтегі мамандықтар

Соңғы жылдары елімізде колледждерде білім алатын студенттер саны артқан. Жарияланған ақпаратқа сүйенсек, 2022-2023 оқу жылының басындағы мәлімет­тер бойынша колледждердегі студент­тердің жалпы саны 548 мың адамды құрады, бұл 2022/2023 оқу жылының басы­мен салыстырғанда 4,2 процентке көп. Әсі­ресе, талапкерлердің құрылыс сала­сына қызығушылығы жоғары. Бұл тен­денция терең әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен жас ұрпақтың қалауын көр­сетеді. Жастардың құрылыс саласына ұм­тылуының басты себептерінің бірі – тұ­рақтылық.  Сонымен қатар құрылыс саласы бизнес кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Студенттер мұны өз бизнесін құру және қаржылық тәуелсіздікке жету мүмкіндігі ретінде қарастырады. Осы ретте құрылыс және бизнес саласындағы сапалы білім беретін оқу орындарының бірі – Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі директоры Әлия Досмахановадан талапкерлердің таңдауы туралы пікірін сұрадық.

– Колледж 12 мамандық, 16 біліктілік бойынша құрылыс және қызмет көрсету салалалары үшін жұмысшы және орта буын кадрларын даярлауда. Қазіргі таңда талапкерлер тарапынан «Автомобиль көлі­гіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Сандық техника», «Та­мақтандыруды ұйымдастыру», «Ақпа­раттық қауіпсіздік жүйелері», «Архи­тектура», «Дәнекерлеу ісі», «Жиһаз өндірісі», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» ма­мандықтары сұранысқа ие. Жұмысшы ма­мандығы бойынша талапкерлер оқуға конкурссыз қабылданады, орта буын ма­мандықтары бойынша талапкерлер аттес­­таттың орташа балы негізінде авто­маттандырылған жүйеде жасалатын кон­курс арқылы оқуға қабылданады. «Сандық техника», «Тамақтандыруды ұйым­­дастыру», «Дәнекерлеу ісі», «Жиһаз өнді­рісі», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары гранттарға көбірек ие. Жетістікке жеткен студенттер саны аз емес. Колледж студенттерінің арасында соңғы жылдары түрлі сайыстарда топ жарып, жүлделі орындарға ие болып жүргендер көп. WORLDSKILLS – 2024 кәсіби шеберлік чемпионатының облыстық кезеңінде студенттеріміз жүлделі орын иегерлері атануда. Бұл жастардың осы саладағы қы­зығушылығының жоғары екенін көрстеді, – дейді Қызылорда құрылыс және бизнес кол­леджі директоры Әлия Досмаханова.

Сондай-ақ мамандық таңдауға келгенде сенімсіздік танытқандар бар. Бұл орайда колледж директорының кеңесіне сүйендік.

– Талапкердің қызығушылығы мен бейім­ділігін ескере отырып, мамандық­тардың артықшылықтары мен мүмкіндіктері туралы ақпарат беріледі, ашық есік күндері ұйымдастырылады, кәсіби бағдар жұмыстары мектеп оқушыларымен жыл бойы үздіксіз жүргізіледі. Жастардың «Болашақ мамандығыңыздан не күтесіз?» деген сұраққа шынайы жауап дайындап, өзін болашақ нақты бір кәсіп иесі ретінде елестете алуы маңызды. Көп нәрсе осыған тікелей байланысты. Мамандықтың бәрі жақсы. Алайда кейбір мамандықтар математикалық қабілеттерді талап етеді, басқалары шығармашылықты, келесісі дене дайындығын қажет етеді. Жаман мамандық болмайды, тек сізге ұнайтын немесе ұнамайтын мамандық бар. Өмірде бәрі бір-бірімен байланысты болғандықтан, дұрыс мамандық өмірдің барлық саласына әсер етеді. Таңдау неғұрлым сәтті болса, өмір жолы соғұрлым қызықты және табысты болады, – дейді колледж директоры.

Жыл сайын мыңдаған талапкер кәсіби және жеке жолын анықтайтын таңдау алдында тұрады. Биыл олардың көпшілігі тұрақтылықты ғана емес, сонымен қатар өсу мен өзін-өзі дамытуға мүмкіндік беретін мамандықтарға бейім екенін көріп отырмыз.

Қазіргі талапкерлер – ақпараттық технологиялар мен жаһандық өзгерістер дәуірінде өскен ұрпақ. Олар қоғам мен экономиканың дамуына үлес қосатын маман­дықтарға ұмтылады. Дегенмен қы­зығу­шылықтардың кең ауқымына қара­мастан, көптеген талапкер уақыт сынынан өткен және сұранысқа ие мамандықтарды таңдайды. Бұл, әсіресе, экономикалық тұрақсыздық жағдайында болашаққа деген сенімге деген ұмтылыспен байланысты. Медицина, білім беру, құрылыс және IT саласындағы мамандықтар ең таңдаулы болып қала береді. Білім беру жүйесі талапкерлерге теориялық білім мен прак­тикалық дағдыларды біріктіретін икемді оқу бағдарламаларын ұсына отырып, іріктеу процесінде маңызды рөл атқарады. Талапкерлердің мамандық таңдауы тек жеке қалауы ғана емес, экономика мен қоғамдағы қазіргі тенденциялардың көрінісі, сондықтан таңдау жасағанда мұқият қарауды және саналы таңдауды талап етеді. Сайып келгенде, талапкерлер болашақ жұмыс қана емес, сонымен қатар жеке және кәсіби өсу мүмкіндігін беретін мамандықтарды іздеу керек.

Фото: “Сыр бойы” 

С.Хайрулла

Тағы да оқыңыз: