Kyzylorda-news.kz Көлік қызметкерлері күніне және «ҚТЖ» АҚ Қызылорда жол дистанциясы мен Қызылорда вокзалының 120 жылдығына арналған мерекелік шара өтті.
Салтанатты жиында “AMANAT” партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы «Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі» филиалының директоры Ербол Сәулебеков, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы «Жүк тасымалы бөлімшесі» филиалының директоры Батырхан Базарбаев сала ардагерлері мен қызметкерлерді мерекемен құттықтады.
Жиын барысында сала ардагерлері, өндіріс озаттары жоғары кәсібилігі, мінсіз еңбегі және теміржол саласын дамытуға қосқан үлестері үшін марапатталды.
«Біз теміржол саласы мамандарын мемлекетіміз бен «AMANAT» партиясының негізгі бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін белсенді орындаушы азаматтар ретінде құрметтейміз. Сіздер арқылы бір жағынан елдің экономикасы мен өнеркәсібі дамып жатса, екінші жағынан жол қатынасы жақсарып, азаматтарымыздың сапарлары сәтімен жүруде. Бұл Сіздердің темірдей тәртіпке негізделген жауапты саладағы күнделікті уақытпен санаспай, үлкен шыдамдылық пен табанды еңбектеріңіздің жемісі деп білеміз»-деді төраға Алмасбек Есмаханов.
Қазіргі таңда облыста теміржол саласының 3500 жуығы «AMANAT» партиясының мүшелері.
Жиын соңында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, отансүйгіштікке үндейтін патриоттық әндер көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.