Kyzylorda-news.kz. «Тағзым» алаңы – өткен тарихымыздағы қанқұйлы соғыстарға, төтенше оқиғалар мен алапат апаттардың зардабын жоюға қатысқан жауынгерлер рухына бас иетін орын. Сол тұстан өткенде біздің бейбітшілік бесігінде тербетілген бүгінгі өміріміз жолында жанын пида еткендерге тағзым ету үшін алаң осылай аталған. 

Бүгін түнде көше кезген жастар осы алаңдағы бірнеше жарықшамды аяусыз қиратып кеткен. Бүтінді бүлдірген олардың әрекетіне құқықтық тұрғыда баға берілер, мұндайды «жаза басты, жастықпен істеді» деп ақтап алуға болмайды. Әрине, жарықшамдар көп ұзамай-ақ қайта қалпына келтірілді. Бірақ қоғамның, ортақ үйіміздің мүлкін бүлдіргендердің өрімдей жастар болғаны қынжылтты.  

Кейінгі жылдары қаламызды көркейтуге бюджеттен, әсіресе туған қаласының келбетті болғанын қалайтын меценеттер мен кәсіпкерлер есебінен қыруар қаржы бөлінуде. Тұрғын үйлердің қасбеттері әрленіп, көшелер кеңеюде. Қаншама ойын-спорт алаңдары пайдалануға берілді. Орталық алаңды қаланың ең көрікті орнына айналдыру үшін ауқымды жұмыс жоспарлануда.  

Жастар осынша игілік өздері үшін, тұрғындар үшін екенін түсінсе екен. Қоғамдық орын агрессияны сыртқа шығаратын, «батылдығын» бірдеңені бүлдіру арқылы дәделдейтін жер емес. Көшедегі көрінген затқа тиісу тәртіпсіздік,  оған қолданылатын жаза бар. Бәріміздің таза, заманауи қалада өмір сүруіміз үшін салынған нысандарды күтіп ұстау керек. 

Аталған мәселе бойынша облыс орталығында жарық шамдарын сындырған бұзақыларды қызылордалық полицейлер ұстады. Бұл туралы Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

«Қызылорда қаласында 29 тамыз күні таңғы сағат 05:00 шамасында жергілікті тұрғындар «Мәңгілік алау» саябағындағы жарық шамдарын белгісіз азаматтардың сындырып жатқандығы жөнінде «102» арнасына хабарлама берген. ​Хабарлама бойынша күдікті 5 азамат анықталып, оның үшеуі ұсталды. Қалғаны іздестірілуде. ​ Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабымен (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде», - делінген хабарламада. 

Тағы да оқыңыз: