Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында су айдындарында балық аулау кезіндегі қайғылы оқиғаларды болдырмау, қауіпсіздікті сақтау мақсатында 63 профилактикалық рейд жүргізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Асхат Тоғызбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, аймақта басқарма қызметкерлері мен еріктілер рейдке жұмылдырылып 6605 тұрғынға, оның ішінде 849 жасөспірімге түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар қала аумағында адам көп шоғырланған орындарда дауыс зорайтқыш арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Балық аулаушыларға арналған дүкендерде жадынамалар ілініп, келушілер мен сатушыларға түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды.
«Биылғы жылы су айдындарында 29 адам, ал балық аулау кезінде 1 адам қаза болды. Сонымен қатар су айдындарында жыл басынан бері 11 адам құтқарылды. Балық аулау мен аң аулау кезінде қауіпсіздік қағидаларын ұмытпаған жөн. Алдымен қайықты мұқият қарау керек. Ескек, ескектің тұтқасы, құтқару шеңбері мен суды құйып алуға арналған шелек болуы қажет. Құтқару құралдарынсыз қайыққа отырған тұлғаға ескерту шарасы көріледі немесе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 583-бабы бойынша бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Түнгі мезгілде балық аулауға немесе аңға шығуға болмайды. Қайықтың жарамдылығын, құтқару жилетімен және шеңбермен, белбеумен жабдықталуын тексеру қажет. Қайықта шелек немесе суды құйып алатын кез-келген ыдыс болуы қажет. Өзімен бірге дәрі-дәрмек қобдишасы, қолшам, жергілікті жердің картасы, өзінің тұрған жерін құлақтандыратын құрал болуы тиіс», - дейді басқарма бастығы Асхат Тоғызбаев.
Осы уақытқа дейін балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп, заңсыз балық аулау бойынша 419 дерек тіркеліп, айыппұл салынған.
«Аймақтағы су айдындарында 16 тыйым салынған және 47 қауіпті участок анықталды. Осы аумақтарда 27 ескерту тақтайшасы мен 11 билборд орнатылды», - дейді Асхат Тоғызбаев.

