Kyzylorda-news.kz Қызылорда-Сексеуіл автожолын дамыту жобасы аясында облыс орталығында айналма жол құрылысының қарқыны күшейді.

Қызылорда қаласынан Арал ауданының Сексеуіл кентіне дейінгі көлік жолын ІІ техникалық санаттан І санатқа көтеру жобасының бірінші кезеңін жүзеге асырушы – «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ.

- Құрылыс алаңында 80 жұмысшы мен 60-тан астам арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Жұмыс қарқынын арттыру мақсатында ауысымдық тәртіп енгізілген, яғни жұмыс тәулік бойы тоқтаусыз жүргізіледі. Жалпы ұзындығы 25,8 шақырым айналма жолдың бойында 4 көпір, 2 жолайрық, 1 демалыс алаңы және 9 су өткізгіш құбыр салу жоспарланған, - делінген компанияның Қызылорда облыстық филиалы таратқан мәліметте.

Қазіргі уақытта жол негізін дайындаумен қатар инженерлік құрылыс орнатылып жатыр.

Айта кетейік, аталған жоба «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрамына кіреді және елдің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға, маршруттың өткізу қабілетін арттыруға, жол жүру уақытын қысқартуға және өңірлер арасындағы көлік қатынасының сапасын жақсартуға бағытталған.

Фото: Көлік министрлігі

Тағы да оқыңыз: