Kyzylorda-news.kz  Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, ағымдағы жылдың маусым айының 20-30 күндері аралығында аудан көлемінде полиция қызметкерлері көшелер мен қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізуде. 

Іс-шараның негізгі мақсаты – жедел жағдайды тұрақтандыру, заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау. 

Жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында бөлімнің барлық жеке құрамы күшейтілген жұмыс түріне көшіріліп, аудан бойынша қоғамдық тәртіпті оның ішінде көшеде жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтың, көлік құралын мас күйде басқарудың жолын кесу мақсатында жұмыстар жүргізіледі.

Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторларымен әкімшілік аймақтарындағы профилактикалық есепте тұрған тұлғаларды тексере отырып, әкімшілік учаскелерді аралап тексеру жұмыстары да жүргізіледі. 

Бұл жедел-профилактика Қызылорда облысының барлық өңірлерінде жүзеге асырылуда. 

– Жаз маусымына байланысты оқушылардың өмір қауіпсіздігін сақтау мақсатында, ата-аналарға қатаң ескертеміз, – дейді полиция қызметкерлері. 

Себебі рұқсат етілмеген су айдындарында суға шомылуға болмайды. 

Аудан іргесіндегі Сырдария жағалауында белгіленбеген орындарда суға түсуге болмайтыны жөнінде төтенше жағдайдың алдын алу мамандары мен тұрғындарға айтылып, хабарламалар, ескерпе үнпарақтар таратылды. 

Осы ретте Қармақшы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері азаматтық қорғау майоры Серіккүл Әбжаева және №105 мектеп-лицейі әкімшілігі педагогикалық құрамы мен қызметкерлері бірлесіп тұрғындарға рұқсат етлмеген аймақта суға шомылуға болмайтыны жөнінде ата-аналар мен оқушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. 

Бүгінде мектеп қызметкерлерінен құрылған күнделікті Сырдария жағалауында кезекшілік атқарылуда. 

Өңірде түсіндірме жұмыстарынан бөлек, «Борышкер» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. 

Жазаның бұлтартпаушылық қағидатын, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алуды қамтамасыз ету мақсатында Арал ауданының аумағында ағымдағы жылдың маусым айының 17-21 күндері аралығында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде. 

Бұл күндері оларға айыппұлдарды мәжбүрлеп орындаудың қажетті шараларын қолдана отырып, борышкерлерді анықтау бойынша жұмыс ұйымдастырылды.

Полиция қызметкерлері прокуратурамен және жеке сот орындаушылар палатасымен бірлесіп, тұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша борышкерлерге бару арқылы әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алуға бағытталған бірқатар іс-шараларды жүргізеді.

Сақшылар жол жүру ережелерін бұзуға және одан кейінгі әкімшілік жауапкершілікке айыппұл түрінде жол бермеуді ұсынады. 

Интернет-сайт арқылы айыппұлдарды тексеру кезінде Сіз «айыппұлдарыңыз туралы біліңіз» деген бетбелгіге кіресіз, содан кейін көлік иесінің ЖСН енгізесіз және фото-бейнетіркеу жүйелерінде тіркелген бұзушылықтар болған жағдайда, осы бұзушылықтардың фотосуреттерін сол жерде басып шығаруға болады.

Сонымен қатар Президент 19 сәуірде қол қойған заң күшіне енуіне байланысты Қызылордалық полицейлер шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптерге тыйым салу туралы облыс тұрғындары мен кәсіпкерлер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде

Электронды темекі өнімдерін, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, жарнамалауға тыйым салған заң күшіне енді. Вейптердің айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Бүгін вейптерді сатуға, таратуға және елге әкелуге тыйым салатын заң күшіне енді. Қазақстандықтар арасында танымал вейптерге немесе «бір реттіктерге» қазір тыйым салынды. Темекі шеккені үшін жазаланбайсыз, бірақ оларды сату, тарату және әкелу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Қазақстандағы вейптерге ресми түрде не жатады:

электрондық тұтыну жүйелері - никотинді электронды және никотин болып табылмайтын өнімдерді электронды жеткізу жүйелері - құрамында никотин бар немесе онсыз сұйықтықты (картридждерде, резервуарларда және басқа контейнерлерде) қыздыратын электрондық технологияларды (аккумуляторды) пайдаланатын құрылғылар (соның ішінде электрондық темекі), құрамында никотин жоқ басқа химиялық заттар, хош иістендіргіштер пайдаланушы ингаляциялайтын аэрозольдің пайда болуы.

Вейптерді сатқаны, таратқаны, әкелгені және өндіргені үшін қандай жаза қолданылады (ҚР ҚК-нің 301-1 б.): 

- екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

Шегілмейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелу, өндіру – мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер:

- оларды қылмыстық топ жасаса;

- олар аса ірі мөлшерде кіріс алумен ұштасса;

- бірнеше рет жасалса, мүлкі тәркіленіп, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бұл бағытта полицейлер кәсіпкерлік нысан иелерімен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. 

Қызылордалық полицейлер тәртіп пен тыныштықты сақтай отыра, рухани және адами құндылықтарды да дамутға барынша атсалысуда. Оған дәлел ретінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған мемориалдық стелаға гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсеткендін айтсақ болады. 

Бүгін Қызылорда облысының Полиция департаментінде Қазақстан полициясы күніне орай салтанатты шара өтті. Іс-шараға департаменттің жеке құрамы және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

Шараға қатысушылар қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған мемориалдық стелаға гүл шоқтарын қойды. Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін жиналғандар қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Өз кезегінде Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек антына адал қызмет етіп жүрген қызметкерлерді келе жатқан 23 маусым Полиция күнімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

– Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі. Өскелең ұрпақ аға буын - ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз, – деді Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбай Омаров.

Сонымен қатар алдыңғы толқынның әрбір өнегелі сөзі, тағылымды еңбектері кейінгі жастарға үлгі. Ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан тәжірибелі маман - ардагерлермен кездесулерден жастардың алар өнегесі мол. Ардагерлерге деген құрметіміз де ерекше. 

Полиция департаменті мен Ардагерлер кеңесі ұдайы ішкі істер органдарының ардагерлеріне қамқорлық көрсетіп келеді.

Осы ретте Қазақстан полициясы күні қарсаңында Қызылорда облысы Полиция департаментінің және Қызылордп қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері мен Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Тұңғышбай Серікбол Қуатбайұлы Смайлов Қыстаубай ағайдың үйіне барды.

Ішкі істер органдарында қажырлы еңбек жасап, зейнеткерлікке шыққан сала ардагерін қолдау мақсатында полицейлер қазыналы қарияның ауласын тазалау жұмыстарын жүргізіп, құрмет көрсетіп, құттықтап қайтты. 

Смайлов Қыстаубай 1942 ж.т., 1966-1968 ж.ж. Алматы арнаулы орта милиция мектебінде оқыған. 1968-1992 жылдары Қызылорда қаласы ішкі істер бөлімінде учаскелік инспекторы болып қызмет атқарған. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Ішкі істер министрлігінің еңбегі сіңген учаскелік милиция инспекторы атағын алған. Әйелі мен ұлы пандемия кезінде қайтыс болған. Қолында келіні мен екі немересі тұрады. 

Мереке қарсаңында құрмет көрсеткені үшін қария полиция ұжымына ақ батасын беріп, алғысын жеткізді.

Әрине бүгінгі шараның көздегені ерен еңбек етіп, елінің өркендеп-өсуіне үлес қосқан кешегі қызметкер, бүгінгі ардагерлерге құрмет көрсету жас ұрпақтың парызы деп біледі. Қызылордалық полиция қызметкерлері еліміз үшін аянбай еңбек еткен ардагерлерге мың алғысын білдірді. 

Рухани құдылық пен ұлтшылдығымызды білдіретін тағы бір қазына – тіл. Бұл тақырып қашан да өзекті. Өмірдің кез келген саласы алаңдауы тиіс мемлекеттік тілді сақтау – әрбір қазақстандық азаматтың міндеті. Тіл – халықтың алтын діңгегі. Өзін-өзі білетін әр халық алдымен өзінің туған тілін сыйлап, мақтан тұта білуі керек. Өйткені халықтың даналығы, жырлары, шежіресі сол халықтың тілінде жазылады. Тіл – қай ұлтта болса да қастерлі, құдіретті ұғым. Ол әр адамның бойына ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл – халықтың жан, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі. Әр халықтың, ұлттың құрмет тұтар өз ана тілі бар. 

– Қазақ тілі түркі тілдердің ішіндегі ең таза әрі бай тілге жатады. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. «Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқынын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына» деп Жүсіпбек Аймауытов ағамыз жазғандай, жерін, елін сүйген әрбір азаматтың ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек. 

Тілі – ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы – оның ана тілі. Тіл халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі – оның бақыты мен тірегі. Ана тілі – алтын қазына, ана тілін қадірлеу, беделін нығайту біздің парызымыз, – дейді Арал полиция қызметкерлері. 

Сондай-ақ Қызылордалық полицейлер қайырымдылық донорлық акциясына қатысты.

«23 маусым – Қазақстан полициясы күніне» орай Қызылорда қаласы Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары Қызылорда облыстық қан орталығына барып,қызылордалықтардың өмірі мен денсаулығын құтқаруға өз үлесін қосып, игі бастамаға себепкер болды. Бұл құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдастырылған бірінші қайырымдылық акциясы емес.

«Бір донор-бір өмір» деп бекер айтылмаған және полиция қызметкерлерінің бұл іс-әрекеттері біреудің анасы мен әкесінің, баласы мен ағасының өмірін сақтап қалуға көмектеседі.

– Полиция жұмысы күн сайын қауіп-қатермен байланысты, сондықтан да құқық қорғау органдарының қызметкерлері дертке тап болған адамдарға уақытында көмек көрсетудің қаншалықты маңызды екенін басқалардан жақсы біледі. Өз елінің адал азаматтары ретінде, полиция қызметкерлері ауруханалық төсекте қайғыға душар болған адамдарға тек қана денсаулық тілейді. Бұндай іс-шарадан қалыс қалғымыз келмейді, себебі адамдарға көмектесу – біздің тікелей міндетіміз, – дейді полиция капитаны Жандос Еркінұлы.

Дәрігерлер полицейлерді мінсіз донор екендігін бірнеше рет атап өтті. Себебі олар денсаулығына жіті көңіл бөліп, медициналық тексерулерден үнемі өтіп тұратындарын алға тартты.

– Біз полиция басқармасының барлық донорларына шын жүректен алғыс айтамыз! «23 маусым – Қазақстан полициясы күні» қарсаңындажасап жатқан игі бастамаларыңызға алғыс білдіремін. Қиында, қауіпті қызметтеріңізге сәттілік тілеймін. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, – деді қан орталығының директоры Игембаев Серік Қуандықұлы.

Акцияға қатысып, «Қан тапсырған – біреудің өмірін құтқарады» - деген ойға келген полицейлер жұмыс орындарына қоғамдық тәртіп пен қаланың жол қауіпсіздігін сақтауға аттанды.

 

Қорлан САРЫ
Фото:ulysmedia.kz

Тағы да оқыңыз: