Kyzylorda-news.kz. «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Тілдерді үйретудің заманауи әдістері» тақырыбында облыстық семинар-тренинг өтті.
Шараға модераторлық еткен орталық директорының орынбасары Ж.Ерекешова семинардың тілдерді үйретудің тың бағыттары мен заманауи үрдістерін меңгеруде озық бастамаларды оқытушылардың оқу-әдістемелік бағытына қосу, жасампаздық үлгісін қалыптастыру және өзара тәжірибе алмасып, шығармашылық ой бөлісуіне қол жеткізу мақсатында ұйымдастырылғанын айта келе қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Әлемдік білім беру тәжірибелеріне сүйенсек, бүгінде әлемнің бірнеше елінен сынақтан өткізілген жаңаша оқыту төрт бағытты қамтып отыр. Олар – модельдік технология, рейтингтік жүйе, дамыта оқыту технологиясы және сын тұрғысынан ойлау. Біздің Орталық оқытушылары да тыңдаушыларды жаңа әдіс-тәсілдермен оқытуда. Бүгінгі семинарда күнделікті сабақ барысында қолданып жүрген ерекше әдістемелерімен орыс және ағылшын тілі оқытушылары өзара тәжірибе алмасады деген ойдамыз», - деді орталық директорының орынбасары Жаныгүл Мұхитқызы.
Жиынға аймақтың білім беру саласына жаңашыл бағытта үлес қосып келе жатқан М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің ағылшын тілі оқытушысы, педагог-сарапшы, магистр Р.Жолаушиева және Орталықтың ағылшын және орыс тілі оқытушылары қатысты.
Семинар барысында Р.Жолаушиева «Шетел тілін оқытуда қолданылатын инновациялық технологиялар» тақырыбында хабарлама жасап, әріптестерімен тәжірибе бөлісті. Одан кейін Орталықтың ағылшын тілі оқытушысы Б.Байділдаеваның «Оқылым дағдысын жетілдірудің әдіс-тәсілдері» тақырыбындағы хабарламасы арқылы семинарға қатысушылар мол мағлұмат алды.
Тәжірибе алмасу барысында Қазалы ауданы бойынша ағылшын тілінің оқытушысы Ж.Пірім «Descriving foods» тақырыбында оқылым дағдысын меңгертуге арналған әдіс-тәсілдер», Шиелі ауданы бойынша ағылшын тілі оқытушысы Б.Құлахметова «Жазылым әрекетін қолданудың ерекшеліктері», Жалағаш ауданы бойынша ағылшын тілі оқытушысы А.Қосмурзина «Айтылым дағдысын жеңіл әрі жылдам қалыптастыру жолдары», Қызылорда қаласы бойынша Орталықтың ағылшын тілі оқытушысы А.Әбдібекова «Тыңдалым дағдысын меңгертуге арналған әдістер» тақырыптарында хабарлама жасады.
Орталықтың курс тыңдаушыларына тіл үйренудің оңтайлы әдіс-тәсілдерін үйрету және аталмыш дағдыны қалыптастыру үшін ең алдымен оқытушының білім-біліктілігі маңызды рөл атқарады. Бұл ретте Орталықтың мемлекеттік, орыс және ағылшын тілі оқытушыларының бір-бірімен тәжірибе алмасуы дағдыға айналып келеді. Осы дәстүрден жаңылмай, семинар-тренинг барысында орыс тілі оқытушылары да өз тәжірибелерімен бөлісті.
Атап айтқанда, Қазалы ауданы бойынша орыс тілі оқытушысы Л.Алибекова «Формирование навыков чтения на уроках русского языка», Шиелі ауданы бойынша орыс тілі оқытушысы Г.Санаубаева «Обучение речевым навыкам на уроках русского языка», Жалағаш ауданы бойынша орыс тілі оқытушысы З.Тасқараева «Стратегия обучение навыку говорения», Орталықтың орыс тілі оқытушысы Н.Жалиева «Применение активных методов обучение на уроках русского языка», Қармақшы ауданы бойынша орыс тілі оқытушысы Р.Сейлова «Практические задания, используемые для закрепления грамматических тем», Арал ауданы бойынша орыс тілі оқытушысы А.Майлыбаеваның «Активные методы обучения как способ повышения эффективности образовательного процесса» тақырыптарында өз тәжірибелерімен бөлісуі қатысушылар сұранысы бойынша оқыту барысында қажеттілігі зор әдістеме екені айтылды.
«Өздеріңізге де белгілі, биыл Орталықтың құрылғанына 15 жыл болады. Осы уақытқа дейінгі атқарған жұмысы мен алдағы жоспарларын қамти отырып үздік нәтижеге жету үшін мамандардың кәсіби білімі мен біліктілігі маңызды рөлге ие. Бұл ретте алдымен ізденіс керек, ізденіс бар жерде біліктілік, біліктілік бар жерде талап қойылады, талап бар жерде нәтиже болады», - деді Ж.Ерекешова.
Тілдерді игерту, оқылым, тыңдалым дағдылары мен жазылым әрекеттерін жетілдіріп, теория мен практикалық сабақ барысын ұштастыра отырып, шығармашылық ізденіс, тыңдаушылардың топтық жұмыс істеуі бағытындағы технологиялық және дәстүрлі бағыттағы әдіс-тәсілдерді біріктіру арқылы ұсынған жұмысына семинар қатысушылары ризашылығын білдірді.
Семинар-тренинг барысында тілдерді үйретудің жаңа бағыттарымен бөліскен оқытушыларға Алғыс хат пен сертификаттар табысталып, қатысушылар естелік суретке түсті.

