Kyzylorda-news.kz   Қызылорда облысының Экология департаментімен есепті кезеңде табиғатты қорғау іс-шараларының орындалуына, қоршаған ортаға эмиссияларды төмендетуге, табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру және ҚР Экологиялық заңнамасын бұзу деректерінің алдын-алуға ерекше ден қойылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы бойынша экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шамкенов Әлішер Әмірбекұлы баяндады.

– Департаментпен 2024 жылдың есепті мерзімінде қоршаған ортаны қорғау саласында 12 субъектіге бақылау шаралары ұйымдастырылды. Оның ішінде 4 субъектіге бару арқылы профилактикалық бақылау және 8 субъектіге жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жөнінде іс қозғалып, жеке және заңды тұлғаларға 8 млн теңге көлемінде 19 айыппұл салынды, оның 7,2 млн теңге көлемінде 15 әкімшілік айыппұл өндірілді, – деді ол.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ арасында қалдықтар орналасқан жерлерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық түсірілім қызметін көрсету бойынша келісім-шарт жасалып, келісім шартқа сәйкес 2018 жылдан бастап қала маңындағы 50 км белдеуде орналасқан бей-берекет қалдықтар орындарын жою көзделген. 2024 жылы «Қазақстан Ғарыш сапары» АҚ-мен жүзеге асырылған ғарыштық мониторинг нәтижесімен Арал ауданына қарасты аумақта 37 рұқсатсыз қалдық орындары анықталды. Департаментпен Арал ауданы әкімдігіне қалдықтарды тазартуға мәселе қойылып, хат жолданды. Департаменттің заңсыз қалдық орындарын болдырмау жөніндегі жұмыстардың нәтижесімен рұқсатсыз тасталған қалдықтардың орындары жыл сайын азаюда. Атап айтқанда, 2018 жылы - 240 орын, 2019 жылы - 228 орын, 2020 жылы - 136 орын, 2021 жылы - 105 орын, 2022 жылы 99 орын анықталса, 2023 жылы 74 рұқсатсыз қалдық орындары анықталған.

– Бұл көрсеткіш жылдан жылға азайып келе жатқанын көрсетсе де, халық арасында үйреншікті қоқыс алаңдарына қоқыстарын тастауы тоқталмай отыр. Департаменттің мемлекеттік экологиялық бақылау қызметі «Байқоңыр» кешеніндегі объектілерді де қамтиды. «Байқоңыр» кешені бойынша мемлекеттік экологиялық бақылау Ресей Федерациясының Үкіметімен «Байқоңыр» кешенінің аумағындағы қоршаған ортаны қорғау мәселелері туралы келісім құжаттарына, олардан туындайтын хаттамалар мен ережелерге сәйкес жүргізіледі, – деді Әлішер Әмірбекұлы.

Бұдан бөлек, мемлекеттік экологиялық бақылау және реттеу барысында Байқоңыр қаласының әкімшілігіне қарасты тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына экологиялық заңнама талаптарына сәйкес сұрыптау кешенін салу жөнінде шарт қойылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Департаментпен 2024 жылдың есепті мерзімінде 12 қоршаған орта объектілеріне мониторингтік бақылау жүргізілді. Зертханалық-талдамалы бақылау барысында барлығы – 75 сынама алынып (су көздері - 22, топырақ – 36, атмосфералық ауа – 17), 845 анықтау жүргізіліп (су көздері - 340, топырақ – 415, атмосфералық ауа – 90), нәтижесімен 111 нормативтік шектен асу деректері анықталды (су - 7, топырақ – 104).

Есепте кезеңде «Қызылорда облысы бойынша қоршаған ортаны сауықтыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарына» сәйкес «Таза ауа» іс-шарасы аясында 162 автокөлікке зертханалық бақылау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде анықталған 10 автокөліктен ластағыш заттарының белгіленген нормативтерден асу деректеріне сәйкес автокөлік иелеріне полиция департаментімен ескерту берілді.

– Жалпы Департаменттің зертханалық талдамалы бақылау жұмыстарын жүргізуге арналған материалдық техникалық базасы қанағаттанарлық. Экологиялық реттеу саласына қатысты көрсеткіштерге тоқталып өтсем.

1.Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын және (немесе) көзделіп отырған қызметтің әсер ету скринингін айқындау туралы қорытынды беру бойынша 2024 жылдың І тоқсанында  барлығы 77 өтінім қаралды. Оның 28-не (36%) қорытынды берілді, 49өтінім Экологиялық кодекстің 1 қосымшасында қарастырылмағандықтан, скринингке жатпайтындығы жөнінде түсіндірмелер берілді(64%).

2.Қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелеріне қорытынды беру қызметі бойынша 2024 жылдың І тоқсанында10 өтінім қаралды. Барлық10 өтінімге (100%) қорытынды берілді.

3.I санаттағы объектілер үшін әсер етуге экологиялық рұқсат беру бойынша 2024 жылдың І тоқсанында 15 өтінім қаралды, оның ішінде әсер етуге 11экологиялық рұқсат берілді (74%), 2 өтінім кері қайтарылып  (13%), 2 өтінім (13%) ҚР Экологиялық Кодексінің талаптарына сәйкес келмеу себебінен дәлелді бас тартылды.

4.Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асыратын мемлекеттік экологиялық сараптама қорытынды беру бойынша 2024 жылдың І тоқсанында 1 өтінім қаралып, 1 өтінімге (100%) қорытынды берілді, – деді.

2024 жылдың І тоқсаны бойынша Сараптамалық кеңес отырысында 1 жобалық құжаттама қаралды. Департамент мемлекеттік қызметтерді 100% электронды түрде көрсетеді. Белгіленген мерзімдерді бұза отырып мемлекеттік қызмет көрсету орыналған жоқ. Көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасына шағымдар келіп түскен жоқ.

2020 жылы экологиялық мәселелерді кешенді шешу және экологиялық жағдайды одан әрі жақсарту мақсатында Қызылорда облысының әкімдігі және Экология және табиғи ресурстар министрлігімен 2020-2025 жылдарға арналған «Қызылорда облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі Жол картасы» (бұдан әрі – Жол картасы) жұртшылықтың назарына ұсыныла отырып, пікірлері ескеріліп жасалды және бекітілді. Жол картасы 7 бөлімнен, 52 тармақтан құралған.

2021-2023 жылдары және есепті кезеңде орындалуы тиіс 52 іс-шараның бүгінгі күні 18 іс-шарасы толығымен орындалған, 34 іс-шара белгіленген мерзімінде орындалуда. Аталған іс-шараларды жүзеге асыру барысында атмосфераға шығарылатын ластаушы заттар көлемінің азаюына қол жеткізілді.Облыстағы 7 полигон экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендірілді.

– Соңғы 3 жылда Қызылорда облысында 1,4 млрд.теңгеге жаңадан 2 полигон, соның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салынған Қызылорда қаласында сұрыптау кешені бар полигон және Арал қаласындағы жаңа полигон құрылыстары жүргізілді. Жол картасын жүзеге асыру аясында Қызылорда қаласының негізгі экологиялық мәселелерің бірі болып табылатын - №6 жылу электр орталығының күл қалдықтарын жою жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, күл қалдықтары «Компания Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-нің зауытына шикізат ретінде кезең-кезеңімен цемент шығару өндірісіне пайдалануда, – деді Әлішер Шамкенов.

Жалпы, Қызылорда облысының негізгі экологиялық мәселелері Жол картасында толығымен қамтылған. Жол картасын орындау мақсатында атқарылған жұмыстар туралы және мүдделі мемлекеттік органдардан жинақталған ақпараттарға талдау жүргізіліп, тоқсан сайын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы есеп беріліп келеді.

Тағы да оқыңыз: