Kyzylorda-news.kz. Сүттен құрт, ірімшік, айран, қатық секілді ағарған түрлері жасалатынын білеміз. Ал сабын жасап шығарғанды естіп пе едіңіз? Иә, түйе, ешкі сүтінен кәдімгі емдік сабын да жасауға болады. Мұндай ерекше өнімді аралдық кәсіпкер Арсена Көшжанова шығаруда.
«Aral Organic» ЖК иесі түрлі өсімдіктің қоспасынан сабын дайындайды. Кәсіпкердің өнімі көп сабынға ұқсамайды. Ол түйе және ешкі сүтінен жантақ қосылған емдік қасиеті бар сабын шығаруда. Бұл сабын – түрлі тері ауруларына бірден-бір ем. Хош иісті сабындар бүгінде сұранысқа ие.
Арсена Көшжанова бұрын сабынды өзіне және таныстарына дайындаса, кейін сүйікті ісін кәсіп көзіне айналдырған. Мемлекеттік қолдау аясында сабын шығаратын цехын да ашыпты.
– Кәсіпті бастағаныма 6 айдай уақыт болды. Мүмкіндігінше өзімізде бар нәрселерден пайдалы дүние жасағым келді. Сабын түйе, ешкі сүті қосылып жасалады. Сонымен қатар жантақты да пайдаланамыз. Шөптерді жинауға атам мен енем көмектеседі. Өнімдерді еліміздің басқа өңірлеріне пошта арқылы салып жібереміз. Әлеуметтік желідегі парақшамыз арқылы тапсырыстар көп түседі. Мұндай органикалық және экологиялық таза өнімдер шетелде танымал және оның әлеуеті де жоғары. Бізде де сондай мүмкіндіктер қарастырылса, кәсібімді кеңейтер едім, – дейді кәсіпкер.
Арсена қазіргі таңда сабынның 11 түрін шығарып отыр. Соның ішінде 3 сабын емдік қасиетке ие. Айтуынша, құрамында хош иістер, бояғыштар мен консерванттар жоқ, тек табиғи ингредиенттер. Судың орнына ешкі мен түйе сүтін пайдаланады. Сонымен қатар түйе тікенегі қосылған шөп сабынының рецебін ойлап тапқан.
Енді емдік сабынның түрлеріне жекелеп тоқталып кетейік. Мәселен, ешкі сүтінен жасалған сабынмен жаңа туған балаларды қорықпай жуындыруға болады. Теріге ешқандай зиянды әсері жоқ. Бактерияларға қарсы қасиетке ие. Бет күтіміне де пайдалануға болады. Оның сапасын арттыру үшін құрамына кокос, зәйтүн, пальма майы қосылады.
Арал өңірінде жантақ шөбі көп есетінін білеміз. Кәсіпкер оның гүлдері мен жапырағын сабынды әрлеу үшін, ал тікенегін блендер құралына салып, ұнтап, қайнатып, оны қоспасына пайдаланады. Түйе жантағынан дайындалатын сабын тері ауруларының көп түріне ем. Аллергиялық жаралар, псориаз, қышымасы барлар үшін таптырмайды.
Әдетте біз түйе сүтін емдік мақсатта ішеміз. Ал одан косметикалық сабын жасауға әбден болады. Беттің жұмсақ әрі балғын болуына пайдасы зор. Теріні құрғатпай, ылғандандыруға көмектеседі.
Сабынды дайындауға кәсіпкер айлап уақыт жұмсайды. Алдымен сүтті қараңғы жерде бір, екі ай ұстайды. Өз бабына келген соң арнайы табиғи қоспалар қосып, әдемі декоративті, хош иісті сабындар жасайды. Жергілікті жерде оның бір данасы 1200 теңгеден сатылады. Көбіне тойлар мен шағын отырыстарға алатындар көп. Күніне 10-15 дана сабынға тапсырыс түседі. Бұрын бір данасы 110 грамм болса, қазір оның көлемі де ұлғайған. Айтпақшы, сабынды судың табиғатқа да еш зияны жоқ. Пайдаланған суды жерге төге берсе де болады.
Арнайы құрылғымен жасалатындықтан, бірдей көлемдегі әдемі, пайдалы әрі емдік қасиетке ие сабындар расында көзге ерекше түседі. Отандық өнімді қаламыздағы «Ағжан» сауда үйінен табасыз.