Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысында кәмелетке толмағандар арасында синтетикалық есірткіні қолдану мен таратудың алдын алуға бағытталған ақпараттық-профилактикалық семинар өтті.
Семинарға облыстағы 267 білім беру ұйымының 3744 педагогі қатысты.
Іс-шара барысында шстаздарға білім алушылар арасында профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыру, жасөспірімдердің мінез-құлқындағы алаңдататын өзгерістерді дер кезінде байқау, сондай-ақ олардың құқық бұзушылыққа тартылуының алдын алу бойынша практикалық ұсынымдар берілді.
Семинарда интернет қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше назар аударылды. Себебі әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасөспірімдер есірткінің заңсыз айналымына байланысты түрлі ұсыныстарға тап болуы мүмкін. Осыған байланысты педагогтерге оқушылармен ашық әрі сенімді түрде әңгімелесу, ықтимал қауіптерді түсіндіру және интернет кеңістігінде қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру ұсынылды.
Профилактика саласындағы тәжірибелерімен Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңес пен «Қызылорда волонтерлері» ҮЕҰ өкілдері бөлісті. Олар жастарды әлеуметтік маңызы бар, профилактикалық және қоғамдық жобаларға белсенді тартудың маңыздылығын атап өтті.
Мұндай іс-шараларды өткізу педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға және білім беру ұйымдары, ата-аналар, қоғамдық бірлестіктер мен профилактика субъектілері арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

