Kyzylorda-news.kz Осы жексенбі күні Қызылорда облысында жергілікті маңызы бар әкімдерді сайлау науқаны өтеді. Дауыс беру барысында бір қала, бір кент және үш ауылдық округ әкімдері сайланады. Сайлау науқаны Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасына сәйкес ұйымдастырылып, өңірдегі тұрғындардың жергілікті басқару ісіне қатысуына мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, сайлаушылар Арал ауданының Арал қаласы, Жалағаш ауданының Ақсу және Жаңаталап ауылдық округтері, Шиелі ауданының Шиелі кенті мен Жиделіарық ауылдық округінің әкімдерін таңдайды.

Сайлау комиссияларының мәліметіне сәйкес, аталған бес әкімшілік аумақта барлығы 47 мыңнан астам азамат дауыс беру құқығына ие. Оның ішінде Арал қаласында 22 989 сайлаушы, Шиелі кентінде 22 669 сайлаушы тіркелген. Ал Ақсу ауылдық округінде 1 028, Жаңаталап ауылдық округінде 424 және Жиделіарық ауылдық округінде 560 тұрғын дауыс бере алады.

Сайлау науқанын ұйымдастыру мақсатында өңірде барлығы 33 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Учаскелерде 230 комиссия мүшесі қызмет атқарып, дауыс беру процесінің ашық әрі заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз етеді. Барлық сайлау учаскелері қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталып, сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау көзделген.

Алдағы сайлауға барлығы 16 кандидат тіркеліп, олардың есімдері дауыс беру бюллетеньдеріне енгізілді. Ерекше атап өтерлігі, барлық кандидаттар өзін-өзі ұсыну тәртібімен қатысуда. Бұл азаматтардың жергілікті басқару жүйесіне белсенді араласуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары заңнамада белгіленген мерзімде жүргізілді. Сондай-ақ, олардың қызметін қолдау мақсатында 59 сенім білдірілген тұлға тіркеліп, аумақтық сайлау комиссияларынан арнайы куәліктер алған.

Сайлау комиссиялары тұрғындарға дауыс беру тәртібін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Денсаулығына байланысты немесе өзге де себептермен сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар үшін үйден дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін сайлаушылар 21 маусым күні сағат 12:00-ге дейін өз учаскелік сайлау комиссиясына өтініш беруі қажет. Өтініш негізінде комиссия мүшелері арнайы дауыс беру жәшігімен азаматтардың тұрғылықты жеріне барып, олардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруына жағдай жасайды.

Заң талаптарына сәйкес, дауыс беру күні алдындағы 20 маусым – тыныштық күні болып белгіленген. Бұл күні кез келген үгіт-насихат жұмыстарына тыйым салынады.

Дауыс беру жексенбі күні таңғы сағат 07:00-де басталып, кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Сайлау қорытындысы учаскелер жабылғаннан кейін дауыс санау рәсімінен соң жарияланып, жеңімпаз кандидаттар тиісті тәртіппен әкім лауазымына кірісетін болады.

Өңірлік сайлау комиссиясы тұрғындарды сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырады. Себебі жергілікті әкімдерді сайлау – елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды қоғамдық-саяси науқан болып табылады.

Тағы да оқыңыз: