Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы Полиция департаментінде облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия аясында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Жиынға Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ермахан Әділханұлы Абдраманов төрағалық етті.
Іс-шараға құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы негізгі субъектілер – облыстық қоғамдық даму, балалардың құқықтарын қорғау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау және білім басқармаларының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру және мемлекеттік органдар арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға қатысты үш негізгі мәселе қаралды.
Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар мен оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында менторлық әдістемені қолдану, уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарындағы төсек-орын санын арттыру, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған квоталар санын ұлғайту мәселелері талқыланды.
Талқылау барысында жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері аталған бағыттар бойынша өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне назар аударылды.
Жиын қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерді пысықтау және тиісті бағыттарда ведомствоаралық жұмысты үйлестіру қажеттігі атап өтілді.
Құқық бұзушылық профилактикасы – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Бұл ретте мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және өңірдегі тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.
