Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұриддин Аманқұл Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Ха Тэ Укпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту, инвестициялық, ғылыми-білім беру және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Нұриддин Аманқұл Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы өзара сенім мен достыққа негізделген қарым-қатынастың табысты дамып келе жатқанын атап өтіп, Бас консулға екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Кездесуде Хон Бом До музейінің қызметін толық іске қосу мәселесі де қаралды. Бас консул қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын жеделдетуге қолдау көрсетуді сұрады. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары бұл бағыттағы барлық рәсімдерді жедел аяқтауға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сондай-ақ Қызылорда облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылып, корей инвестицияларын тарту және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды. Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жұмыс істейтін Жасанды интеллект мектебінің қызметі атап өтілді.
Бас консул өңірде корей тілін оқыту орталықтарын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынып, бұл бастаманың мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға және білікті мамандар даярлауға ықпал ететінін айтты.
Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық, ғылыми-білім беру және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдіріп, Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа бірлескен жобалармен нығая беретініне сенім білдірді.
