Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев қытайлық Cheng Tian Run Kang Medical Limited компаниясының басшылығымен ресми кездесу өткізді.

Кездесу барысында өңірге инвестиция тарту, заманауи агроөнеркәсіптік және фармацевтикалық технологияларды енгізу мәселелері кеңінен талқыланды. Компания медициналық мақсаттағы қарасора өсіру және оның негізінде фармацевтикалық өнім өндіру бойынша халықаралық жобаларды іске асыруға мүдделі.

Инвесторлар Қызылорда облысының агроклиматтық жағдайын қолайлы, жер ресурстарын жеткілікті және фармацевтика саласын дамытуға әлеуеті жоғары өңір ретінде бағалады.

Жобаның жалпы инвестициялық құны – 70 млн АҚШ доллары. Жоспарға сәйкес, шамамен 5 000 гектар жер телімін игеру, заманауи агротехнологияларды енгізу және жаңа жұмыс орындарын құру көзделіп отыр.

Облыс әкімінің орынбасары өңір басшылығы тарапынан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін, жобаның табысты іске асуы Қызылорда облысының агроөнеркәсіптік кешені мен фармацевтика саласының дамуына серпін беретінін атап өтті. Ал компания басшылығы Қызылорда облысымен ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді серіктестік орнатуға қызығушылық білдірді. 

Алдағы уақытта компанияның техникалық тобы ұсынылған жер учаскелерін егжей-тегжейлі зерттеу үшін өңірге арнайы сапармен келмек. Зерттеу нәтижелері бойынша жобаның нақты параметрлері, инвестиция көлемі мен іске асыру кестесі нақтыланатын болады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмысты жалғастырып, жобаны іске асыру бойынша тұрақты байланыс орнатуға уағдаласты.

Тағы да оқыңыз: