Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жастар арасында есірткіге қарсы профилактиканы күшейту, есірткіге және оның заңсыз айналымына теріс көзқарас қалыптастыру, кәмелетке толмағандар мен жастардың құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуының алдын алу және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Есірткіге қарсы мультфильмдер байқауын» өткізді. Байқауға студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің 9–11 сынып оқушылары қатысты.
Қатысушылар авторлық мультфильмдері арқылы есірткінің және оның заңсыз айналымының қауіптілігін, жастарды құқыққа қайшы әрекеттерге тарту жолдарын және мұндай әрекеттерге қатысудың жауапкершілігін көрсетті. Байқау жұмыстарында: қолмен салынған, компьютерлік, кадрлық, 2D, 3D, stop-motion және басқа да заманауи анимация түрлері қолданылды.
Байқау қорытындысы бойынша: М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті Жарасқанұлы Жанарыс, Қазалы ауданы №№190,226 орта мектеп оқушылары: Сарсенбай Нұртуған, Әлиханов Бекхан және Қызылорда қаласы №179 орта мектептің оқушысы Жүрсін Бағжан жеңімпаз атанды.
Байқау қатысушыларға өз шығармашылығы арқылы қоғам үшін маңызды мәселені көтеруге мүмкіндік берді. Мультфильмдерде есірткінің заңсыз айналымына байланысты күмәнді ұсыныстардан бас тартудың, заң талаптарын сақтаудың және өз болашағына жауапкершілікпен қараудың маңыздылығы қамтылды. Осындай шығармашылық бастамалар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруға және қауіпсіз қоғам құруға үлес қосады.
Сурет: УПН
