Kyzylorda-news.kz Сырдария өзенінің Қызылорда облысының аумағында су басу қаупі жоғары 29 елді мекен бар.

Қазір Қызылорда қаласы аумағында өзен мұздан толық тазарған. Қыс бойы қатып қалған ақырындап төменгі бөлікке қозғалғаны байқалып отыр. 

— Сеңнің жүруі облыс орталығынан өтіп кетті. Қазір қорғаныс бөгеттері қалыпты жағдайда тұр, — деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Бейбітхан Спанов.

Ал солтүстік аудандарда мұздың ұстасуы әлі де байқалады. Мұздың қалыңдығы — 20-40 сантиметр. Облыста су басу қаупі жоғары 29 елді мекен бар. Онда тұратын халық саны 70 мың адамға жуық.

— Дария бойында 61 эвакуациялық жинақтау, 71 эвакуациялық қабылдау пункті орналасқан. Сондай-ақ 22 уақытша орналастыру, 13 жылыту пункті жұмыс жасайды. Департаменттен 128 жеке құрам, арнайы мақсаттағы 25 техника, 6 жүзу құралы, 33 мотопомпа әзірлікке келтірілді, — деді Б.Спанов.

Облыс орталығы тұсында бес учаске қауіпті деп танылған. Мамандар аталған аумақтарды тәулік бойына бақылауға алып отыр. 

Мамандардың сөзінше, Қызылорда қаласының тұсынан 22-28 ақпан аралығында сең жүрсе, наурыздың алғашқы жартысында ол Қазалы, Арал ауданына жетеді деген болжам бар.

Фото: Облыстық төтенше жағдайлар департаменті

Тағы да оқыңыз: