Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 7,9 млрд теңгені құрайтын 106 жоба қаржыландырылды. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
«Қызылорда облысының экономикасы мұнай өндірісіне тәуелді екені білгілі. Өткен жылы мұнай өндірісі көлемінің 13 пайызға төмендеуі тиісінше өнеркәсіптік өнімнің 10,7 пайызға азаюына алып келді. Жалпы, соңғы 7 жылда облыста мұнай өндірісі екі есеге дейін азайып, 5,5 млн. тоннаға дейін төмендеді. Биыл да 1 млн. тоннаға кемиді деген болжам бар. Сондықтан өндеу өнеркәсібі бағытында облыс экономикасын әртараптарандыру – күн тәртібінде тұр. Оны тек шағын және орта бизнесті дамыту арқылы қол жеткізе аламыз», – деді Ғалымбек Жақсылықов.
Қазір аймақта 46 647 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеуде. Кәсіпкерлер қызметін «Info Kazakhstan» порталы арқылы жандандыруда. Бүгінгі күнге дейін портал арқылы 12000 кәсіпкер өтінім берді.

