Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы прокуратурасының басқарма басшысы Батырбек Нұрмағанбетов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте алаяқтық қылмысының басым түрлерін атап өтті. 

Басқарма басшысының айтуынша, алаяқтық қылмысының бірінші сатысында өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. 

«Өзін банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам есепшоттан қаражат алғысы келіп немесе несие рәсімдеп жатқандығы туралы жалған айтып, азаматтардың жеке мәліметтерін алу арқылы алаяқтық жасайды. Оған қоса, онлайн несие рәсімдеу үшін азаматтар интернет арқылы жеке мәліметтерін, яғни, аты-жөні, ЖСН, банк картасының деректемелерін ұсынып, несие алу жағдайлары жиілеген. Алаяқтар осы жағдайды пайдаланып, интернет кеңістігінде жалған қызметтер ұсынып, белсенді әрекет етуде. Бұдан сақтану үшін банктің қызу желі телефонына қоңырау шалып тексеру арқылы әрекет ету қажет. Тағы бір ескеретін мән-жай мұндай алаяқтар тәуліктің жұмыстан тыс уақытында не мереке күндері телефон шалуы оның қылмыстық пиғылының бар екенін айқындайды», - дейді Батырбек Нұрмағанбетов.

Алаяқтықтың екінші сатысында кезектен тыс жер телімін, жүргізуші куәлігін немесе үй алып беру, әлеуметтік көмек жеңілдіктерін алу үшін уәкілетті органда танысы бар екендігі, белгілі қаражат ұсынса көмек беретіндігін жалған айту алаяқтығы тұр. 

«Бүгінгі күні алаяқтық қылмысының белең алып отырған түрі, өзін полиция органының қызметкері ретінде таныстырып, баласының қылмыспен ұсталып жатқанын айтып, оның босату үшін қомақты қаражат сұратып, сан соқтыруы. Осы негізде, құқық қорғау органдары қылмыс оқиғасы бойынша босату үшін ешқандай ақша қаражатының талап етпейтінін ескеріп, дереу «102» нөміріне айтып арыз түсіру керектігін түсіндіремін. Айта кетейін, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға пара бергені үшін Қылмыстық кодекстің 367-бабымен сізді қылмыстылық жауапкершілікке тартып, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Сондықтан бәрі заңды жүзінде рәсімделуі тиіс», - дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар елімізде азаматтардың интернет дүкендер мен онлайн жеткізу көмегіне, әлеуметтік желідегі ақшаны еселеп көбейтіп беретініне сендіретін парақшаларға жиі жүгінуі себеп болған. 

«Бұл ретте тапсырыс беру барысында алдын ала қаражат аудармай, алатын затты сол аймақта тұратын таныстарыңызға көруін сұрап, сатушы алаяқ еместігіне көз жеткізу қажет. Сонымен қатар, аталған парақшаның өміршеңдігіне, оған жазылған оңды және теріс пікірлерге ерекше мән беру керек», - дейді Батырбек Нұрмағанбетов.

318478258_1681289548933217_6772233099389479903_n.jpg

Тағы да оқыңыз: