Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубақабылұлы және Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы бастаған қызметкерлер тобы Ұлы Жеңіс күніне орай ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетті.
Сыр өңірінің тәртіп сақшылары ел тыныштығы жолында аянбай еңбек еткен ардагерлерді мереке қарсаңында арнайы құттықтап, олардың шаңырағына барып, ізгі тілектерін жеткізді. Тыл еңбеккерлері мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жесірлері де әрдайым назардан тыс қалған емес.
Осыған орай полиция ведомствосының өкілдері мен департаменттің Ардагерлер кеңесінің мүшелері Әлиев Төлеш қарияға, Абсадирова Аманкүл және Жубаниязова Шаркуль апаларға барып, мерекелік сый-сияпаттарын табыстады. Қазіргі таңда ішкі істер органдары ардагерлерінің қатарында 5 тыл еңбеккері мен 6 ҰОС ардагерінің жесірі бар.
Мереке аясында ішкі істер саласында ұзақ жылдар адал қызмет атқарып, бүгінде құрметті зейнет демалысына шыққан ардагерлердің үйлеріне арнайы барып, азық-түлік себеттері жеткізілді. Бұл – олардың ел қауіпсіздігі жолындағы ерен еңбегіне деген шынайы құрметтің белгісі.
Иығына погон тағып, құқық қорғау саласының ауыр да жауапты жүгін абыроймен арқалаған ардагерлер саналы ғұмырын ел тыныштығына арнады. Қызметтің ыстығы мен суығына төтеп берген тәжірибелі мамандар бүгінде жас полицейлерге ақыл-кеңестерін айтып, кәсіби шеберліктің қыр-сырын үйретіп келеді.
Ұрпаққа парасат пен адамгершіліктің өнегесін көрсеткен ардагерлер өздеріне көрсетілген құрмет үшін Департамент басшылығы мен Ардагерлер кеңесіне алғыстарын білдірді,— Бізді ұмытпай, мереке сайын арнайы келіп, құрмет көрсетіп жүрген азаматтарға ризашылығымыз шексіз. Ел тыныштығын күзетіп жүрген барша қызметкерлерге толағай табыс, мықты денсаулық және отбасыларына амандық тілейміз, — деп ақ баталарын берді.
