Kyzylorda-news.kz. Полиция жұмысының басты көрсеткіші – халықтың сенімі. Сондықтан да ел қорғаны тәртіп сақшыларының қызметі халықтың сенімі арқылы өлшенеді. Халық көкейіндегі мәселелерді шешу және олардың конституциялық құқықтарының қорғалуы Полиция департаментінің басты назарында.
Азаматтарды жеке қабылдау мәселесі – полиция қызметіндегі басты бағыттардың бірі. Халықтың арыз-шағымдарын қарау барысы Полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында болады. Әрбір келіп түскен өтініш назардан тыс қалмайды.
Осы орайда, кеше Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының жеке қабылдауы өтті. Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдау өткізді. Жеке қабылдауға алдын ала жазылған 11 тұрғын келіп, өздерін толғандырған мәселелерін жеткізді.
Қабылдауға келгендердің дені белгілі бір қылмыстық істер бойынша уәждерін алға тартса, бірқатар тұрғындар кадрлық мәселелер бойынша сауалдарымен жүгінді.
Қабылдау барысында департамент бастығы азаматтардың әрбір өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап шығып, жекелеген сауалдар бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Барлық өтініштер Полиция департаменті бастығының жеке бақылауына алынды.
