Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының полиция департаментінде ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесу жиыны өткізілді.
Жиынға ішкі істер органдарының ардагерлері және полиция бөліністерінің басшылары мен қызметкерлері қатысты. Ішкі істер органдарының ардагерлер ұйымдарының қызметін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылған бүгінгі шара департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Әміржан Өтегенов төрағалығымен өтті.
Бүгінгі жиынның күн тәртібінде ішкі істер органдарының қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыруды жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың барысын түсіндіру және «Қазақстан», «Арман» ведомстволық санаторийлерімен зейнеткерлер мен олардың жұбайларына арналған санаторлық курорттық қызмет көрсету мәселелері қаралды. Зейнетақымен қамсыздандыруды жетілдіру мәселесі бойынша департаменттің Қаржымен қамтамасыз ету басқармасының бас маманы полиция подполковнигі Жұлдыз Баракова баяндама жасап, мәселелерді толығымен түсіндіріп өтті.
Екінші сұрақ бойынша департаменттің медицина қызметі бөлімінің басшысы Сәкен Ибраев баяндама жасады. Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, кездесу барысында жеке құрам мен ішкі істер органдарының зейнеткерлері арасында қызметкерлерді әлеуметтік қолдауды нығайту қызметін ұйымдастыруды жақсарту мәселелері бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Өз кезегінде ардагерлер ашық пікірлерін білдіріп, келелі ұсыныстарын жеткізді. Жиын соңында департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Әміржан Өтегенов ортақ мәселелерді шешуде әрбір ұсыныстың ескерілетінін айтып, ардагерлерді қолдау жұмыстарына аса көңіл бөлінетінін жеткізді.
