Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының полиция департаменті мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті арасындағы өзара қызметтік және ынтымақтастық туралы меморандум негізінде департаменттің тергеу, анықтау және жедел-криминалистика бөліністерінің қызметкерлерімен «Құқықтану» мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің арасында дуалды оқыту бойынша дәрістер беру өз жалғасын тауып келеді.
Осыған орай, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіндегі ағымдағы жылы 29 наурыз күні өткен кезекті кездесуде Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Досжанов Амангелді Асқарұлы білім алушы 3 курс студентеріне дәріс оқып, 2023 жылғы 17 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық сот ісін жүргізу, жаза атқару саласындағы адам құқықтары, сондай-ақ азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттердің алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына түсіндірме жасады.
Бұл ретте, полиция полковнигі Досжанов Амангелді Асқарұлы Заңда енгізілген қысқа хаттаманың толтырылуын, тұрмыстық салада жасалған қылмыстар, жаппай тәртіпсіздікке шақыру, ерекше арсыздықпен жасалған адам өлтіру мен бандитизм үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін түзетулерге жеке-дара тоқталып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 146-бабына (Азаптау) «қатыгез немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас» құқық бұзушылықтың жаңа құрамы енгізілгенін атап өтті.
Сөз соңында Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Досжанов Амангелді Асқарұлы студенттерге оқуда сәттілік тілеп, олардың болашақта еліміздің мықты заңгерлерінің қатарында болуларына тілектестігін білдірді.