Kyzylorda-news.kz. Соңғы кезде Қызылорда облысының республикадағы аймақтар арасынан суырылып шығып, алдыңғы қатардан көрініп жүргені айтылуда. Әсіресе, құрылыс саласында тұрғын үй салып, халықты баспанамен қамтуда көп аймақтан оқ бойы озық келеді. Тіпті қаңтар-мамыр айларында Қызылорда облысы құрылыс секторында жоғары өсу қарқынын қамтамасыз етіп, республика бойынша 1-ші орынға шықты.

Біз мақалаға арқау еткен ақпарат Үкімет отырысында айтылған. Сыр өңірі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бойынша да үздіктер қатарында екенін айта кеткен жөн. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров хабарлады. 

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2023 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Ұлттық экономика министрі жыл басынан бергі негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін, оның ішінде Қызылорда облысының ілгерілеу динамикасын атап өтті.

«Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бойынша Түркістан, Маңғыстау және Қызылорда облыстары жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,1%-ға ұлғайды. Әсіресе, Қызылорда, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында жоғары өсу қарқыны байқалды», – деді ведомство басшысы.

Жалпы, Қызылорда қай кезде де бірінші екенін атап өткенді жөн санап отырмыз. Алғашқы астана саналатын Қызылорданың даму динамикасы мен өткен тарихына көз жүгірткендер бұл сөзімізді қуаттай алады. Алғашқы ұлттық театрдың да Сыр өңірінде негізі қаланған. Қызылорда ел астанасы болып тұрған шақта республикадағы барлық газет-журнал осы жерден жарық көріп, ұлан-ғайыр даламыздың сан атырабына тарады. Олардың арасында бүгінгі «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» сынды маңдайалды басылымдар бар. Одан бөлек «Қазақ радиосы» да Қызылордадан әуе толқынына қосылғанын көпшілік біле бермейді. Тіпті, қазақ даласындағы алғашқы әуе рейсі де осы Сыр өңірен бастау алады. Енді осы негіздегі тарихтың тінін тарқатып, оқырманға ұсынбақпыз.

Сен біз үшін дарасың, Қызылорда!

Қызылорданың соңғы 7-8 жыл көлемінде ерекше қарқынмен дамып келе жатқаны баршаға белгілі.  Соңғы деректер бойынша  аймақта 800 мыңға жуық адам тұрады. Сылаң қаққан Сыр мен қарт Қаратауды,  Қызылқұм мен Бетпақ даланы қабат қоныстанған облыс аумағы да кең. Оның жалпы көлемі – 226 мың шаршы шақырым. Бұл – бүкіл қазақ жерінің 8,3 пайызы. Қызылорда облысы шығыс және оңтүстік-шығысында Түркістан облысымен, солтүстігінде Ұлытау облысымен, солтүстік-батысында Ақтөбе облысымен және оңтүстік-батысында Қарақалпақстан Республикасымен, оңтүстігінде Өзбекстанның Науаи облысымен шектеседі. Жер көлемі жөнінен республика бойынша 4-ші орында. Еуропаның Австрия, Венгрия, Бельгия, Чехия,  Швейцария сынды мемлекеттері облыс төңірегіне түгелдей сыйып кетеді. Тіпті әлемдегі дамыған жеті мемлекеттің қатарына енетін, шығарған автокөліктері арқылы бүкіл дүние жүзіне белгілі алпауыт саналатын Германия жері Қызылорданың аумағындай ғана екен.

Кәрі тарих сөйлесе…

Біз облыс аумағының кеңдігін ғана сөз еттік. Оның көркемдігін тілмен жеткізу, тіпті мүмкін емес. Аралдан Жаңақорғанға дейінгі аралық небір кереметке толы. Тарихи орындар да жетіп артылады. Облыс аумағындағы Жанкент қаласы Оғыздардың астанасы болса, Сығанақ Ақ Орданың, Қазақ хандығының астанасы болған. Қызылорданың да астана болғаны тарихтан белгілі. Бұл қала Ақмешіт, Перовск, Қызылорда, секілді әр кезеңдерде әртүрлі атауға ие болған. Тарихи деректерге сүйенсек, 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ретінде салынған. Оның ішіндегі ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды. 1853 жылы Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский қоқандықтармен соғысып, жеңіске жетеді. Қала Перовск аталып, 1867 жылы ол Сырдария уезінің орталығына айналады. 1922-1925 жылдары қала қайтадан Ақмешіт атанды.

Сырдария өзенінің бойында орналасқан әсем қала жыл өткен сайын дами түсті. Ол 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасы болды. Астана болған сәттен бұл қала Қызылорда деп аталды. Әлі күнге дейін осылай аталып келеді. Ақмешітті астана ету оңай болған жоқ. Бұған Сұлтанбек Қожанов сияқты арыстар күш салды. «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаевтың «Аbai.kz» ақпарат агенттігіне шыққан «Қожановтың Қызылордасы» атты мақаласында бұл жайлы жан-жақты тарқатылады. Мұрат Ақынұлы бірінші Сырдария губерниялық партия конференциясында делегаттар тарапынан Қазақстанның астанасы ұлттың ежелгі қонысы – Ташкент қаласы болсын деген ұсыныс айтылғанын да алға тартады. Осыған қарамастан, 1924 жылғы 27 қарашада Қазобкомның, ал 1925 жылғы 19 ақпанда Қазөлкекомның жауапты хатшысы (республикадағы екінші дәрежелі лауазым) болып тағайындалған Сұлтанбек Қожанов  астананы Ақмешітке көшіру керек деген ниетін байқатады. Ол Түркістан орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тұрған уақытында – 1922 жылғы 12 сәуірде арнайы қаулы шығарып, өзі тарихи атауын қайтарып берген Ақмешіт қаласын ел кіндігі етуге күш салды. 

Орынбордан Ақмешітке орталық қаланы ауыстырғанда саяси элита да Сыр бойына келген болатын. Архив құжаттарын негізге ала отырып, тарихи деректерді сөйлетер болсақ, 1925 жылдың сәуір айында Қазақ АКСР кеңестерінің Ү съезіне сайланған делегаттар мен үкімет мүшелері Ақмешітке келген. Осы қалада сол кезде, яғни 1925 жылғы 15-19 сәуір күндері бес күнге созылған съезд өтті. Бұл съезде ұлтымыз бен қаламызға қатысты екі тарихи шешім қабылданған. Олар ресми құжаттарда қырғыз аталып келген ұлт атауын қазақ етіп, тарихи қателікті жөндеу және Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту болды. Бұл жайында облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары Гүлжазира Жалғасова «Алаштың алты қанат ақ ордасы» атты мақаласында: «15-ші сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің Ү съезі салтанатпен ашылды» деп жазады. 

Жалпы ұлт атауына қатысты тарихи қателікті жөндеу жайлы мәселені ел ертеңін ойлаған қайраткерлер бұған дейін де көтерген. Дәлелді алыстан іздемей-ақ ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің еңбектеріне үңілейік. Ол кісі Сәкен Сейфуллиннің тәуелсіздік жылдарына дейін беймәлім болып келген бірнеше мақаласын тапқан. Соның бірі –1923 жылы жазылған  «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты мақаласы.  

Ұлттың атауына келгенде бәрі түсінікті, ел қамын жеген азаматтар әбден ойланып, толғанып барып қабылданған шешім. Ал Қызылорда атауы ше? Бұл жайында тарихшы ғалым Хазретәлі Тұрсын өзінің «Алаш қозғалысының оңтүстік қағанаты» атты еңбегінде архив құжаттарына негізделген мәлімет келтіреді. Ғылыми еңбекке Дінше Әділовтің 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабы енгізілген. Онда: «Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келген Ақмешіт қаласының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Жаңа астананы қалай атау жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты. Одан «неге?» деп сұрадық. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс екенін айтты. «Қызыл» – демек большевиктерге ұнайды, ал «Орда» – ұлттық атау. Демек ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік. Сұлтанбек Қожанов съезде кезектен тыс сөз алып, ұсыныс жасады: бірінші ұсыныс Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп атау керек десе, екіншісі – Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау жөнінде. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады» делінген. Бұдан Қызылорда атауын съезде көпшілікке ұсынған Сұлтанбек Қожанов болса, оны ойлап тапқан Қоңырқожа Қожықов екенін көруге болады. 

Қызылорда-Мәскеу: Алғашқы әуе рейсі

Астана мәртебесіне қол жеткізгеннен соң түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қалана бастады. Орта және арнаулы оқу орындары бой көтерді. Тағы бір айта кетерлігі, ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, мал дәрігерлік-бактериологиялық және де басқа институттар өз жұмысын осы қалада бастаған.

Сол тұста әуе қатынасы мен байланыс жүйесі іске қосылды. 1926 жылы  маусым айында аспанға тұңғыш рет Қызылордадан ПО-ұшағы көтеріліп, Мәскеуге бет алды. Бұл ұшақ Қазақ Республикасының астанасы Қызылордадан Мәскеуге әуе жолын ашқан алғашқы рейс болатын. 1925-1926 жылдары білім беру институты, кеңес-партия мектебі, меди¬цина, қаржы, көлік-механикалық, геоботаникалық сала мамандарын дайындайтын техникумдар ашылды. Тұңғыш театрмен қатар «Еңбекші қазақ», «Советская степь» республикалық басылымдары шыға бастады. Сол кезде Қызылордадан бүкіл республикалық басылымдардың шыққанын атап өткеніміз жөн. Олардың қатарында жоғарыда атап өткен екі басылымнан бөлек, бүгінгі «Қазақстан әйелдері» (ол тұста «Әйел теңдігі» деген атпен шыққан) журналы, «Жас алаш» (кеңестік дәуірде «Лениншіл жас» деп аталған) газеті сынды бірнеше баспа БАҚ болды.Тіпті, «Қазақ радиосы» да Қызылордадан хабар таратып тұрды.

Кеңес заманында қалада қатырма қағаз, аяқ киім, механикалық және күріш зауыттарымен қатар бірнеше фабрика іске қосылды. Қызылордада педагогикалық институт пен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институттарының филиалы және бірнеше арнаулы оқу орны жұмыс істеді. Облыс көлемінде көптеген мектеп салынды. 

Қызылордам – Алтын Ордам!

Тәуелсіздік алғалы бері Қызылорда атауына байланысты түрлі пікір айтылуда. Жалпы Қызылорда сөзін кеңестік заманмен байланыстыратындар аз емес.  Сол себепті «Ақмешіт» немесе «Қамысқала» деген тарихи атауын қайтарайық деген де бастама көтерілді. Тіпті облыс атауын Сырдария деп өзгертейік деген ұсыныс та болған. Ақмешітті Қызылорда деп атаған арыстарымыздың бізден әлдеқайда білімді, қай жағынан келсе де он орап алатын қабілеті болғанын ескеруіміз қажет. Осы ретте филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата университетінің профессоры, елге белгілі тілтанушы маман Аман Абасиловтың  облыстық «Сыр бойы» газетіне жарияланған «Қызылорда атауына терең бойласақ» деген мақаласынан үзінді келтіре кетейік. Ғалым: «Ол заманның зиялылары алыстан ойлайтын ұлылар, абыздар ғой. Алаш арыстарының азат ойлай алатыны, сөз мағынасы тек лингвистикалық білім ғана емес, дүниелік білім беретіндігіне де жіті көңіл аударғаны таңғалдырады. Белгілі әдебиетші-ғалым Ғабит Тұяқбаевтың Әзербайжан еліне барған іссапарында өзін қарсы алған әзербайжан әріптестерінің «Қызылорда» атауын «Алтынорда» мағынасында қолданғанына риза болдым деп айтқаны бар еді. Міне, бұл атаудың түркілік дүниетанымды білдіретіндігінен де хабар береді. Сондықтан «Қызылорда» атауына сол ұлыларымыз сияқты байыппен қарағанымыз дұрыс» деген пайым жасайды.

Қалай десек те Қызылорда атты қаланың жаңа атауы 1925 жылы жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Қызылорда уездік қалалық Советі атқару комитеті осы тұрғыда жаңа қаулы шығарып та үлгерді. Бұл қаулыға сәйкес барлық мемлекеттік коорперативтік және тағы басқа ұйымдар, өндіріс орындарын, мекемелер басқа ұйымдар, бір ай мерзім ішінде барлық штамптар мен мөрлерін ауыстыруға міндеттелді.

Тәуелсіздік жылдарындағы Қызылорда

Еліміз тәуелсіздік алған соң Қызылорда өз дамуын тоқтатқан емес. Бүгінде халықтың әл-ауқаты артып, қаланың аумағы кеңейіп келеді. Тәуелсіздік жылдары облыс аумағында 300-ден аса білім беру және денсаулық сақтау нысандары салынды. Аймақта Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік және Болашақ университеттері мен бірнеше колледж жұмыс жасайды. Олардан білім алған шәкірттер еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет атқарып жүр.  

Тәуелсіздік жылдары аймағымызда қазіргі заманға лайықталған соңғы үлгідегі технологиялармен  жабдықталған медициналық, диагностикалық және қайта сауықтыру орталықтары салынды. Бүгінде облыс даму қарқыны бойынша еліміздегі көшбасшы аймақтар қатарына қосылды. Әртараптандыру шаралары белсенді түрде жүргізіліп келеді. Нәтижесінде аймақ экономикасының жаңа құрылымы қалыптасты. Облыс аграрлық аймақтан индустриалды-аграрлық өңірге айналды. Соңғы жылдары 30-дан астам жаңа мұнай кеніші ашылды. Уран өнеркәсібін дамыту жолға қойылды. Әлемдегі ең ірі ванадий кенішінің бірі – «Баласауысқандық», алтын, басқа да бағалы кен орындарын игеру қолға алынған. Әлемдегі ең ірі қорғасын-мырыш кен орны – «Шалқияның»  жұмысы қайта жанданды. Шикізаттық емес секторды дамытуға да ден қойылған. Бірер жыл бұрын цемент зауыты ашылып, ел игілігін көруде. Бірнеше жыл жыр болған шыны зауыты да іске қосылып, жұмысын бастады. Қазір Қызылордадан шыны шығады деп ұялмай айтуға болады.

«Өткен жылы зауыт елімізді 32 мың тон­надан астам өніммен қамтамасыз етті. Биылғы 4 айда 3,5 млн текше метр шыны өнімі өндірілді. Зауыт өнімі республика өңірлеріне, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, және Ресейге экспортталуда. Шыны зауытының жанынан 32 млрд 800 млн теңгені құрайтын 3 ілеспе кәсіпорын ашылады. Бұл жобалар жаңа жұмыс көзін құруға, халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді», – деп айтқан болатын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана өткен баспасөз мәслихатында.

Шикізатқа тәуелділікті азайту – Сыр өңірінің ғана емес, ел экономикасындағы көкейкесті мәселе. Қызылордада бұл бағыттағы жұмыстар да қолға алынған. Аймақ басшысы елорда төріндегі баспасөз мәслихатында бұл мәселеден айналып өткен жоқ. Өңір әкімі алға тартқан мәліметке сүйенсек, өнеркәсіп өндірісінің 70 пайызға жуық үлесін алатын тау-кен секторында 2013 жылдан бері қордың сарқылуы салдарынан мұнай өндіру 6,5 млн тоннаға азайған. Бүгінде жаңа мұнай кен орындарын игеру үшін «Шу-Сарысу» бассейнінде геологиялық геофизикалық зерттеу жұмыстары аяқталып, мұнай қорын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Шикізатқа тәуелділікті азайту мақсатында экономиканы әртараптандыру бағытында ірі жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы «Қармақшы құс» ЖШС, 36 мың тонна бие сүтін өңдейтін «Айғасар» ЖШС, 700 тонна түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін «Казах камел» ЖШС зауыты, 172,8 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін «Арал кварц» ЖШС жобалары жүзеге асуда.
Облыс орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары өңір әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Қызылорда қаласының бірнеше аумағынан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерді айтпағанның өзінде Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қалашықтың бой көтеріп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Осы тұста Сырдария өзенінің сол жағалауында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталғанды жөн көрдік. Қарқынды түрде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан аймақ жұртшылықтың да ерекше қызығушылығын тудыруда. Сол жағалауды кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды. Екі аралықты байланыстырып тұрған көпірдің өзі мұндағы толассыз тірлікке дем бергендей әсер қалдырады. Өйткені осы көпір салынғаннан кейін дарияның арғы беті мен бергі бетіне еркін қатынауға мүмкіндік туды. Қаланың бас жоспарына сәйкес, аталған аймақтың 1532 гектарын игеру көзделген. Негізінен сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Атап айтқанда, тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі  парк пен жасыл желекті аймақтар қарастырылып отыр. Бүгінде Сырдария өзенінің сол жағалауында алыстан-ақ көздің жауын алатын «Болашақ» университетінің ғимараты мен заманауи үлгідегі ІТ-паркі бар жастар ресурстық орталығы орналасқан. Одан бөлек 700 оқушыға арналған жеке мектеп және 320 орындық балабақша да осында ірге тепті. Ал сонау 1925 жылы Қырғыз АССР-нен Қазақ АССР-і деп өзгерту туралы шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару Комитетінің ғимараты бүгінде қайта жаңғыртылып (сызба негізінде қайта салынған), онда қалалық музей жұмыс істеуде. Сол жағалаудан ауданы 3 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып, соның 1 миллионы 2025 жылға дейін жобаның бірінші кезеңі аясында пайдалануға берілмек. Нәтижесінде алдағы 50 мың тұрғын қоныс тойын тойласа, жоба соңында жалпы саны 150 мың тұрғын баспаналы болады деп күтілуде. Жоба бойынша қаланың жаңа аумағында 16 мектеп пен 12 балабақша салынбақ. Бұдан бөлек 4 денсаулық сақтау мекемесі, яғни 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана, отбасылық медицина орталығы және облыстық қан орталығы халыққа қызмет ететін болады. 

Мақаланың әлқиссасын Қызылорданың қашан да бірінші орында екенін айтудан бастағанбыз. Көлемді материалды оқыған жан бұған әбден көз жеткізеді. Сыр өлкесі инвестиция тартудан да алдыңғы қатарда келеді. Бұл ақпаратты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген баспасөз мәслихатында айтқан болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жалпы­ұлттық бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, құны 907 млрд теңгеден асатын 36 жоба енгізілген. Өткен жылы құны 5 млрд 100 млн теңге болатын 4 жоба іске қосылса, биыл құны 13 млрд 400 млн теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге аспақ.

«Бұл ірі жобалардың жүзеге асуы өңірде инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік бе­реді. Атап өту қажет, біздің аймақ инвестиция тарту қарқыны бойынша республика көлемінде алдыңғы қатардан көрінді. Биыл өңірге 424 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады», – деді аймақ басшысы.

Дария жағасында орналасқан қалада бұдан да бөлек қаншама жұмыс бар. Соның бір дәлелі ретінде «Анаға тағзым», «Неке сарайы», «Өнер орталығы», «Қан орталығы» сынды іргетасы қаланған алып құрылыс нысандарын атап өтуге болады. Мұның қасына ел игілігі үшін салынып жатқан ондаған көпқабатты тұрғын үйлерді қосыңыз. Жыл  соңына дейін «Анаға тағзым», «Неке сарайы» сынды ғимараттар ел игіліне беріледі деп жоспарлануда. Жылу электр станциясының да іргетасы қаланғанын көпшілік жақсы біледі. Бұған ондаған балалар спорттық ойын алаңын қосыңыз. Жаңа әуежай терминалы да салынып жатыр. Одан бөлек Қызылорда қаласындағы үйлердің қасбеттері заманауй үлгіде жаңғыртылуда. Осыған қарап-ақ облыс орталығының алып құрылыс алаңына айналғанын аңғаруға болады. Қызылорданың көп салада бірінші екенін дәлелдеу үшін бұдан артық не керек?!

Тағы да оқыңыз: