Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша «Әйелдер күштері Альянсы» ҚБ үкіметтік емес ұйымы құрылды. Қазір әлемдегі өзекті мәселелердің қатарында нәзік жандардың мәселесі де бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, құқықтық сауатсыздық титықтатқан тағдырлар жетерлік. Осы орайда дөңгелек үстел форматында өткен кездесуге облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, әйел мекеме басшылары қатысты. Бұл туралы ұйымының аймақтағы төрағасы Аида Абибуллаева әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды. 

Жиын барысында Қызылорда облысы бойынша Саясаткер әйелдер клубының төрайымы Рахима Ахметова, Қызылорда қаласындағы Әйелдер саяси көшбасшылығы мектебіне жауапты қалалық мәслихат депутаты Айгүл Мұсабаева жаңа жобалардың негізгі мақсаттарына тоқталып, оның бағытын, жұмыс істеу механизмі мен артықшылықтарын түсіндіріп өтті. 

«Әйелдер саяси көшбасшылығы мектебі әйелдерді басқару дағдылары мен бәсекеге қабілеттілікке бағыттау, әйелдерді еліміздің саяси өміріне атсалысуға дайындау, белсенділіктерін арттыруға қолдауға бағытталады.  Мектептің  алғашқы  сабағы  ағымдағы  жылдың желтоқсан  айының 5-іне жоспарланды. Қызылорда қаласында өңірлік оқу орталығында 30  сағаттық  оффлайн форматта өткізіледі деп белгіледік. Сондай-ақ, Саясаткер әйелдер клубы да өзінің жұмысын жандандыратын болады: құрамы, мақсаттары мен міндеттері анықталып, жоспарлары қайта қаралып, бекітілді», - деді «Әйелдер күштері Альянсы» ұйымының аймақтағы төрағасы Аида Абибуллаева.

Қазіргі таңда облыстық мемлекеттік органдарында басшылық лауазымдардағы тұлғалардың тек 5%-ы -әйелдер, облыстық мәслихаттың 33 депутатының 8-і ғана - әйелдер.

«Әкімдік лауазымда екеу ғана келіншек бар, олар да ауыл әкімдері (Қармақшы ауданының екі ауылының әкімі), мәслихат хатшыларынан қыз-келіншектер біреу-ақ (Жалағаш ауданы).  Белгіленген талапқа сәйкес, әйелдердің басшылық және шешім қабылдаушы лауазымдарға ұсынылуы 30% дан кем болмау керек. Сонымен қатар, ірі компаниялардың директорлар кеңестерінде, басқармаларында әйелдердің өкілдігін арттыру қажет. Сол үшін резервте саяси сауатты, белсенді, жоғары білікті әйелдер мамандары болуы керек», - деді Аида Ибрагимқызы. 

Айта кетейік «Әйелдер күштері Альянсының»  мақсаты әйелдер құқығын қорғауға жұмыс жасау, әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың барлық түрлеріне қарсы күресті ұйымдастыру, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін күшейту, осал санаттағы әйелдердің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысу, әйелдер мен балалар денсаулығын сақтауға және нығайтуға жұмыс жасау, әйелдерді шешім қабылдау деңгейіне жеткізу, әйел және отбасы мәртебесін көтеруге жұмыс жасау. 

Осы мақсаттарды басшылыққа ала отырып «Әйелдер күштері Альянсы» жұмысы аясында 3 үлкен жоба жұмыс істейді.

«Саясаткер-әйелдер клубы»

«Әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі»

«Жас көшбасшылар мектебі»

Әйелдердің жағдайын жақсартуға арналған ұйым 2022-2023 жылдарға арналған жол картасын бекітіп, 10 бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі.

Қоғамдық бірлестік жол карта негізінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, оларға психологиялық және заңгерлік көмек көрсету, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, осал санаттағы әйелдердің әлеуметтік мәселесін шешу, денсаулығын нығайту, әйелдердің қоғамдағы шешім қабылдау деңгейін көтеру, мәдениеті мен цифрлық сауаттылығын секілді бастамаларды жүзеге асыруды межелеп отыр.

316175495_2655403311261470_7419901723074317654_n.jpg

Тағы да оқыңыз: