Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығының ашылғанынан биыл 115 жыл толды. Орталықтың тарихы туралы Қызылорда облыстық архивінің Архив құжаттарын пайдалану және жариялау бөлімінің архивисті А.Елемесова баяндады.
Аталған орталық 1907 жылдың 19 тамызда салтанатты түрде ашылған. Оған әскери губернатор мен әскери музыка оркестрі қатысқан. Ол кездегі атауы Перовск земскі психикалық науқастарға арналған ауруханасы еді. Ауруханада психикалық науқастарға 49 төсек орны болды. Оның 7 орны қарапайым сематикалық аурулармен ауыратын жергілікті горнизонның әскери қызметкерлеріне арналған. Аурухана ашылғаннан бастап революцияға дейін алғашқы бас дәрігер болып, кеңесші, медицина ғылымдарының докторы М.В.Игнатьев және кіші дәрігер қызметін Герценштейн атқарды.
Халықтың психиатриялық көмекке мұқтаж болғаны соншалық, бір жылдан кейін аурухана толып, көп ұзамай 68 төсекке, содан кейін 100 төсекке дейін кеңейді. Революцияға дейін ол Қазақстандағы және Орта Азиядағы ең ірі психиатриялық аурухана болды. Бас дәрігер М.В.Игнатьев және оның көмекшісі дәрігер Герценштейн білімді, ізгілікті дәрігерлер болды, олар ауруханаларда ғана емес, үйде де амбулаториялық көмектерді кедейлерге тегін, ал байларға ақылы түрде көрсетті. Осылайша, 1907 жылдан 1916 жылға дейін 400 науқас адамға амбулаториялық қызмет көрсетілді.
Революцияға дейінгі аурухананың он жылдық қызметінде 717 науқас емделіп шыққан. Ауруханада әр науқасқа «қайғылы парақ» деп аталатын ауру тарихы жүргізіліп, науқастар емнің барлық түрлерін алған.
1924-1929 жылдары аурухана ғимараты Қырғыз АКСР Халық Комиссарлары Кеңесіне берілді. 1929 жылы Қазақ КСР-ң астанасы Алматы қаласына көшірілуіне байланысты аурухана ғимараты денсаулық сақтау органдарына қайта қайтарылды . Осы кезден бастап Қызылорда психиатриялық ауруханасы 250 төсектік психикалық науқастарға арналған аймақтық Психиатриялық колония ретінде жұмыс істей бастады.
Аурухананы 1929 жылы дәрігер Проскуряков, 1930 жылы дәрігер М.Б.Ашкинази, 1933 жылы дәрігер Н.Н. Зак басқарды. Олардың барлығы аурухананың жұмысын жолға қоюға көп еңбек пен табандылық жұмсады.
Психиатриялық колонияға түрлі облыстардан, республикалардан, сондай-ақ Ташкент, Уфа, Саратов қалаларынан науқастар түскен. Қызылорда психиатриялық ауруханасы республикада ірі болғандықтан, оған науқастардың ең ауыр контингенті жіберіліп отырған.
30-шы жылдардың бірінші бесжылдығында аурухана 400-500 науқасты қабылдады, 1937 жылдан бастап науқастардың саны өсе бастады, ал 1940 жылы ауруханада төсек орнының жетіспеушілігіне байланысты науқастарды қабылдау азая бастады, өйткені бір науқас 150-160 күн ем қабылдаған.
Бірақ, 1932-1935 жылдары емдік құралдардың жетіспегеніне қарамастан, науқастардың 70% жазылып шыққан. Қызылорда ауруханасы ең ірі Республикалық психиатриялық стационар болғандықтан, бүкіл психиатриялық ұйымының орталығы болды.
1933 жылы ауруханада 7 аға медбикелер, 20 кіші және палаталық медбикелер жұмыс жасаған. Ауруханада орта медициналық қызметкерлер дайындайтын бір жылдық курстар ұйымдастырылды, шағын сынама-диагностикалық зертханасы ашылды.
1937-1938 жылдары Қара-Өзек кентінде Республикалық психиатриялық колония және эпилепсиямен ауыратындарға арналған Республикалық балалар санаторийі ашылып, кейін 100 төсектік облыстық балалар психиатриялық ауруханасы болып қайта құрылды.
Ұлы Отан соғысы кезінде Қызылорда психиатриялық ауруханасының базасында Қырым медициналық институтының госпиталі мен психиатрия кафедрасы орналастырылды. Қызылорда ауруханасы соғысқа дейінгі жылдарға қарағанда бірнеше есе көп науқастарды қабылдады, жұмыс жағдайлары қиын болғанына қарамастан, аурухана қызметкерлері ондаған, жүздеген Кеңес армиясының жауынгерлері мен тыл еңбеккерлеріне көмек көрсетіп, жанқиярлықпен жұмыс істеді.
Соғыстан кейінгі жылдары Қызылорда республикалық ауруханасы кеңейіп, төсек қоры 500 дейін жетті. 1948 жылы Қызылорда Республикалық психиатриялық ауруханасында әкімшілік шаруашылық бөлімде 29 адам, медициналық қызметкерлер бөлімінде 191,5 адам қызмет атқарды.
1953 жылдан 1956 жылға дейін аурухана дәрігерлері ғылыми жұмыстары мен айналысып, психиатрияның өзекті мәселелері бойынша Өзбек республикалық кеңесіне, С. С. Корсаковтың 100 жылдығына және психиатрияның өзекті мәселелері бойынша Бүкілодақтық ғылыми-практикалық конференциясына, 1954 жылы Мәскеуде және Ленинградта өткен психоздардың патологиялық анатомиясына арналған конференцияда невроз аурулары бойынша баяндамалар жасалды.
1953 жылы қаңтарда психиатриялық аурухана 1-ші Республикалық психиатриялық ауруханасы болып өзгертілді. Ауруханада инсулин терапиясы, ұйқы терапиясы кеңінен қолданып, психоз және эпилепсиямен ауратын науқастардың саны төмендеп, өлім-жітімнің жалпы пайызының тұрақты төмендеуі жалғасты.
1970 жылы 50 орындық күндізгі стационар ашылып, аурухана науқастарға қызмет көрсету және емдеу үшін барлық қажетті медициналық жабдықтармен және құралдармен жабдықталды.
1972 жылы 4 қабатты аурухана ғимараты пайдалануға берілді, онда 60 төсектік 7-ші ерлер бөлімшесі және 60 төсектік 8-ші әйелдер бөлімшесі, рентген кабинеті, клинико-биологиялық зертхана, пастало-анатомиялық зертхана, дәріхана, физкабинет және басқа да бірқатар қосалқы қызметтер орналасқан.
Қазақ КСР денсаулық сақтау Министрлігінің 1974 жылғы 28 маусым № 658 шешімімен Қызылорда облыстық психиатриялық аурухана болып атауы өзгерді. Осыған байланысты облыстың 2 ауданында Арал және Қазалы қалаларында психиатриялық және наркологиялық кабинеттер ашылды.
1981 жылы аурухана құрылымында: 9 бөлімше, 3 жалпы психиатриялық 230 төсектік ерлер, 3 жалпы 180 төсектік психиатриялық әйелдер бөлімдер болды. Созылмалы алкоголизммен және алкогольдік психозбен ауыратын науқастарды емдеу үшін 60 төсектік наркологиялық бөлімше, жүйке-психиатриялық аурулары бар балаларға арналған 60 төсектік балалар бөлімшесі, туберкулез және психикалық бұзылулары бар науқастарға арналған 90 төсектік туберкулез бөлімшесі көмек көрсетті. Рентгенологиялық, физиотерапиялық, гинекологиялық кабинеттер, клиникалық биохимиялық, патологиялық-анатомиялық зертханалар, тіс, офтальмологиялық кабинеттер, функционалдық диагностика кабинеті, дәріхана жұмыс істеді. Сондай-ақ терапевт, невропатолог, хирург, физиатр және т. б. сияқты мамандарға консультациялық білікті көмек көрсетіледі. Жылдан жылға ауыл тұрғындарына психиатриялық көмек көрсету жақсарды. Егер 1978 жылы 553 науқас жатқызылса, 1981 жылы 583 науқас ауруханаға жатқызылды.
1982 жылы жақсы өндірістік көрсеткіштері үшін, аурухананың қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен дәрігер А.У.Кушерова, сондай-ақ 10 әйел «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен марапатталды. Ұжымда 225 әйел «Коммунистік еңбектің белсендісі» төс белгісінің, 25 әйел «Денсаулық сақтау үздігі» атағының, екі дәрігер - А. А. Прасова және Г. С. Баженова жоғары біліктілік санатының иегерлері болған.
1988 жылдың 1 тамызынан бастап психиатриялық аурухананың наркологиялық бөлімі наркологиялық диспансерге беріліп, психиатриялық әйелдер бөлімі болып өзгертілді. Осы бөлімшенің негізінде туыстық байланысын және тұрақты тұрғылықты жерін жоғалтқан адамдар үшін 10 төсектік түнгі профилакторий ашылған.
1991 жылдың ақпан айынан бастап облыс тұрғындарына психиатриялық көмек көрсету сапасын жақсарту мақсатында облыстық психоневрологиялық диспансерді облыстық психиатриялық ауруханамен біріктіру жүргізілді.
Бөлімшенің барлық қызметкерлері ауруханада өткізілетін клиникалық дәрігерлік және мейірбикелік конференцияларға қатысып отырған. Бөлімше ұжымы салауатты өмір салты үшін 2030 үкіметтік бағдарламасын ұстана отырып, бөлімше бойынша орасан зор жұмыстар жүргізді. Бөлімше қызметкерлері науқастармен күнделікті жаттығулар жасап, мерекелерде ұйымдастырылған спорттық іс-шараларға қатысып, мектепдерде дәрістер өткізіп отырған.
Барлық білімдері мен дағдыларын Кеңестік денсаулық сақтау саласына беріп, қызмет еткен дәрігерлер Анна Дмитриевна Севастьянова, Белла Марковна Новикова, Пелагея Никифоровна Никонова, Анна Матвеевна Федосеева, Мария Дмитриевна Парфенова, Мария Никаноровна Иванова, Наталья Семеновна Трещева, Досмаил Сүлейменов аурухананың тарихында өз іздерін қалдырды.
Сыр жері мақтаныш тұтатын бірден бір сауықтыру орталығы болып табылатын Қызылорда облыстық психиатриялық ауруханасының тәуелсіздік жылдарға дейінгі тарихы туралы архив құжаттары осылай сыр шертеді.