Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық өзбек этномәдени бірлестігі Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанға дейін 1994 жылдың тамыз айында негізі қаланған. Ең алғаш рет 1994-2002 жылдар аралығында бірлестіктің тұңғыш төрағасы Әлімов Туйчи Жураұлы болды.
Сонан кейін аймақтағы өзбек ұлтының басын біріктіріп, өзбек этномәдени бірлестігін құрудың басында болған Ашур Халилұлы Хамидов 2002-2016 жылдар аралығында бірлестіктің төрағасы болды. Ашур Халилұлы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күнінен бастап мүшелік етті.
Ашур Хамидов өзінің еңбек жолын технолог болып бастаған жан. Көп жылдар бойы Қызылорда облысының қоғамдық тамақтану саласында қызмет еткен. Өңірдегі қоғамдық жұмыстарға белсенді араласты. Сонымен қатар екі ұл тәрбиелеп өсірді, немерелеріне үлгілі ата болды. Ұлтаралық келісімді нығайту саласындағы сіңірген еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен, мерейтойлық медальдармен, көптеген Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды. Елге белгілі, қоғамға сыйлы, бірлестіктің құрметті ақсақалы 2020 жылы дүниеден өтті.
2016 жылы белгілі кәсіпкер Қаһар Әлімұлы Дадашев облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы болып сайланды. Оның қазіргі орынбасарлары Абдуғафарова Манзура Мадкаримовна мен Әлімжан Азизқұлұлы Шайымқұлов, бірлестік белсенділері Ырсай Ғаниева, Ташболат Темірғалиев және т.б.
Бірлестік облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өзбек мәдениетінің күндерін тұрақты түрде өткізіп тұрады. Өзбек театр труппасын, «Гунча» вокалды-аспаптық ансамблін құрды. Сондай-ақ Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан басқа да шығармашылық ұжымдарды шақырып, олармен тығыз қарым-қатынас орнатты.
2018 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасындағы «Өзбекстан жылы» аясында Қызылорда қаласының Достық үйінде «Достық – баға жетпес байлық» атты салтанатты шара өтті. Шараға облыстық этномәдени бірлестіктердің, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының жетекшілері мен белсенділері, Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қозғалысының белсенділері қатысты. Достық үйінің фойесінде тақырыптық көрме ұйымдастырылып, өзбек ұлтының түрлі ұлттық бұйымдары, тағамдары, киімдері, қолөнер шеберлерінің туындылары қойылды.
Бірлестік сонымен қатар Қожа Ахмет Яссауи мен Арыстанбаба кесенелеріне зиярат етіп, Түркістан және Самарқанд қалаларына туристік саяхаттар, қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Қарттар күнін жыл сайын атап өтіп, аз қамтылған және зейнеткерлерге азық-түлік пакеттері таратылады. Сонымен қатар шағын футбол турнирлері ұйымдастырылып, балаларға арналған жаңа жылдық кештер өткізіледі.
2019 жылдың жазында Арыс қаласында болған жарылыс кезінде бірлестік мүшелері 120 литр бояу, 200 литр эмульсия және өзге де құрылыс заттарымен материалдық көмек көрсетті. 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде өзбек этномәдени бірлестігінің белсенділері алты бақылау-өткізу бекетінде 120 адамға қайырымдылық дастархан жайды.
Аталған бірлестік мүшелері өзге этномәдени бірлестіктермен бірлесіп, мемлекеттік этнос саясатын, ел Президентінің Жолдауларын түсіндіру жұмыстарына белсене атсалысуда.
Көктемгі күн мен түннің теңелетін күні өзбек ұлтының өкілдері Наурыз мерекесін тойлайды. Ежелден Наурыз мерекесінде ұлы халықтық мерекелер, мерекелік базарлар, ат жарыстары ұйымдастырылып келеді. Бұл күні үй шаруасындағы әйелдер қатпар мен тандыр-самса пісірсе, ерлер қауымы үлкен қазандарға ұлттық тағамдары палауды пісіреді. Наурыз мерекесін тойлау кезінде бірлестік мүшелері бидай дәнінен сумалак асын дайындайды. Өзбек этномәдени бірлестігінде әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді.


