Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамовтың төрағалығымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 3 сессиясы өтті. 

Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыстық мәслихат депутаттары, тексеру және сайлау комиссияларының төрағалары және БАҚ өкілдері қатысты. Ауданнан сайланған депутаттар бейне-конференция байланысы арқылы қатысып, сессия тікелей онлайн режимінде өткізілді. 

Күн тәртібіндегі облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның құрамын бекіту, облыстық сайлау комиссиясының құрамын сайлау туралы, облыстық мәслихатта «Еңбек» депутаттық тобын құру, облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшесін лауазымынан босату, сондай-ақ, жаңа мүшесін лауазымына тағайындау, облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану, кейбір шешімдерін жойылды деп тану туралы және облыстағы елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың қағидаларын бекіту туралы 8 мәселе бойынша тиісті басқарма басшылары хабарлама жасады. 

Облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов күн тәртібіндегі екінші мәселеге қысқаша тоқталып өтті. Қызылорда облыстық мәслихатының №18 шешімімен «Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының құрамын сайлау туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2019 жылғы 11 қаңтардағы №290 шешіміне өзгерістер енгізіліп, облыстық сайлау комиссиясының құрамынан «Асыл – Мұра Орда» қоғамдық қоры арқылы ұсынылған Баймурзаев Галым Конакбаевич және «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы қоғамдық қорынан ұсынылған Ерлан Қарабалаев шығарылған болатын.

Осыған орай, облыстық мәслихаттың ресми интернет ресурсында «Қызылорда облыстық мәслихатының облыстық сайлау комиссиясының құрамына толықтырулар енгізу туралы хабарлама жарияланды. Хабарландыру нәтижесінде, «Respublica» саяси партиясы қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы Ахмет Берлібек Әнуарбекұлын ұсыну жөнінде өтініш келіп түсті.

Соған сәйкес, Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының құрамына «Respublica» қоғамдық бірлестігінен Ахмет Берлібек Әнуарбекұлының кандидатурасы сессия қарауына ұсынылып, оның кандидатурасы депутаттардың көпшілік дауысымен қолдау тауып, қабылданды.

Күн тәртібіндегі өзге де мәселелерге қатысты депутаттар өз ұсыныс-пікірлерін айтып, басқарма басшылары тарапынан жауаптар берілді. 
Сондай-ақ, халық қалаулылары күн тәртібіндегі «Облыста елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың қағидаларын бекіту» туралы мәселені арнайы құрылған комиссияда қайта қарап, егжей-тегжейлі талқылау қажеттігін айтып, келесі сессияға ұсыну мәселесін көтерді.

Сессия соңында депутаттар аталған мәселелерге қатысты ұсыныстарды қолдап, ұсынылған шешім жобасын бір ауыздан бекітті.

Тағы да оқыңыз: