Kyzylorda-news.kz. 25 қазан - Республика күніне орай Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Журналистер мен сарапшылар клубының мүшелерімен мерекелік кездесу кеші өтті.
«Ел тұрақтылығын сақтауда ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы» тақырыбымен өткен шараға Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Айбек Дайрабай, Журналистер мен сарапшылар клубының төрағасы Елена Рыбина, республикалық, облыстық және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Айбек Дайрабай журналистер қауымын мерекемен құттықтап, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтаудағы Ассамблея институтының ауқымды жұмыстарын айтып өтті.
«Жаһандық шеңберді алып қарайтын болсақ, фейк ақпарат, дезинформацияның тарауы - нақты, түсінікті ақпараттың, анық ақпараттың жеткіліксіздігімен байланысты болып жататын көрінеді. Иә, халық ресмиден көрі, бейресми ақпаратқа көбірек сенеді. Түрлі манипулация жасайтын топтар бұл жағдайды өз мақсаттарына қолданады. Ал, ақпарат азық сияқты ғой. Пайдалысы, пайдасызы болады. Оны тексермей, мерзімін қарамай жесек, салдары қандай болары айтпаса да белгілі. Адам позитивті ақпараттан гөрі негативті ақпараттарға 6 есе жоғары қызығушылық танытанын психологтар дәлелдеген екен. Әлеуметтік желілердің алгаритмін де ескеру керек. Соңғы уақытта өздеріңіз күә болып жүрсіздер Ассамблея тарапына жиі негативтер көп айтылады. Тіптен «Ассамблея ән салып, би билеуді ғана біледі» деген пікірлер бар. Бірақ бұл саяси институттың көпшілік білмейтін жұмыстары қаншама?! Қазір осы тақырыпты қозғап, ұшқынды маздатқысы келетіндер көп. Тұрмыстық немесе қылмыстық жанжалдардың өзін әкеліп ұлтаралық жанжал деп есептейді», - дей келе журналистер қауымының осы тақырыпта ой бөлісуге шақырды.
Клуб төрағасы Елена Рыбина қазіргі таңда ақпараттық қауіпсіздіктің маңыздылығына тоқталды. Ел дамуына септігін тигізетін ақпараттармен қатар елдің ұйытқысын бұзып, ұлтаралық араздықты ушықтырып, мемлекеттің тұтастығына әсер ететін ақпаратты ажырата білу маңызды. Ол үшін ең бірінші тұрғындар арасында медиасауаттылықты дамытуға, адамдардың сыни ойлау қабілетін арттыру арқылы кез келген ақпаратты жан-жақты талдай білуге үйрету қажеттігін атап өтті.
Ал «Азаттық радиосы» халықаралық медиа компаниясының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Ерқанат Сәрсенбай қазақтың мәдениеті мен тілінің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды күшейту керек деген пікірін білдірді.
«Хабар» телеарнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбеков әлеуметтік желілерде ақпараттардың шынайылығын, анық-қанығын нақтылауға мүмкіндік беретін өңірлік «стоп-фейк», «Антифейк» секілді сайт ашып, ресми парақшаларда, ютуб арналарында анықталмаған, жалған ақпараттарға қатысты ресми мәлімдемелер беруді жандандыру қажет деген ұсынысын білдірді.
«ASTANA TV» телеарнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Мөлдір Қожахметова қоғамның тұтастығы мен ынтымағын сақтауда Сыр өңірі өзге өңірлерге үлгі екендігін алға тартты.
Кездесу барысында БАҚ өкілдері ашық әңгіме форматында ақпараттық қауіпсіздік, ұлтаралық келісімді сақтау мен нығайтудағы Ассамблея рөлі және өзге де мәселелерді талқыға салды.
Шара соңында клуб мүшелеріне арнайы мерекелік сертификат табысталды.

