Kyzylorda-news.kz. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамға бейімдеу, баырнша қолайлы жағдай жасау бүгінгі күннің басты талабына айналған. Қалада мүмкіндігі шектеулі жандардың басын қосқан бірлестіктер баршылық. Олар осы бірлестіктер арқылы өз қалауындағы іспен айналысып, қоғамдағы орнын қалыптастыруда.
Жуырда қала әкімі Серік Қожаниязов жұмыс барысымен мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын, әлеуметік мәселелерін тыңдау, мақсатында аталған бірлестіктердің жұмысымен танысқан еді. Соның бірі - «Қазақ саңыраулар қоғамының» облыстық филиалы. Айта кетейік, саңыраулар қоғамы естуі бойынша мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеу арқылы олардың өтінішін тыңдап, заңды құқығын қорғауды және әлеуметтік оңалтуды жүзеге асырады. Мүгедектігі бар жандарды қоғамдық өмірге бейімдейді.
Бүгінде «Қазақ саңыраулар қоғамының» облыстық филиалына қарасты 187 мүгедек болса, оған ымдау тілінің 17 маманы қызмет көрсетеді. Биыл қоғамдық бірлестік 10 мүмкіндігі шектеулі жанды жұмыспен қамтыған. Қоғамдық бірлестік төрайымы Алтынкүл Аяпова басқа ортадан келген адамдар есту қабілеті нашар адамдармен жұмыс істей алмайтынын айтады. Бүгінде мемлекеттен әр есту қабілеті нашар жанға 220 000 теңге жәрдемақы беріледі. Десе де мұндағы азаматтардың қолынан біршама іс келеді. Алайда олар өз бетінше әрекет етуге қаржы тапшылығы қолбайлау екендігін айтады. Сондықтан жиһаз жасауға және тағы басқа жұмыстарды атқаруға құрылыс заттарын алып берсе дейді.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың басын қосқан тағы бір орта – «қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі. Мемлекет тапсырмасымен бүгінде көзі нашар көретін азаматтарға әлеуметтік оңалту жүзеге асы¬рылып келеді. Биыл қоғамдық бірлестік 20 мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамтыған.
Айта кетейік, қазақ соқырлар қоғамының оқу өндірістік кәсіпорны 1941 жылы ашылған. Кеңес одағы кезінде түйреуіш, әскери киімге ілгек, қағаз қалта, қойын дәптер және мақтадан төсеніш матрас тігілген. Арал тұз комбинаты мен облыс орталығындағы аяқ киім фабрикасында қатырма қағаздан қалта мен қорапша жасалған. Сонымен қатар үй әктейтін щетка мен аяқ киім щеткасы, шыны құтының қақпағы өндірілген.
Қазіргі кезде бұл өндірістен тек қана тігін цехы жұмыс істеп тұр. Кәсіпорында көзі нашар көретін мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейді . Биыл қоғамдық жұмысқа 24 адам қабылданса, оның 15-і ерекше жандар. Бұл кәсіпте көз майын тамызып құрақ құрап, тігін тігіп отырған жандардың бір қалауы – қаламыздағы аурухана, бала-бақшалар өздеріне тапсырыс беріп, кәсіптерін жүргізсе дейді.
«Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі – қала аумағында тұратын мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтендіруді жүзеге асыратын мекеме. Сонымен қатар олардың құқығын қорғап, мәселесін шешуге көмектеседі. Мәселен, мекеме көмегімен 14 мүгедектігі бар адам қоғамдық жұмысқа қабылданған.
Қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі жан¬дар өздерінің шексіз мүмкіндігі барын дәлелдеп келеді. Зағип жандар құрақ құрап, матрас тігіп жатса, есту қабілеті нашар жандар құрылысқа бейім. Армандары қоғамға пайдамыз тисе дейді. Мүмкіндігі шектеулі болса да өз мүмкін¬дігін барынша көрсетіп отырған жандар көпке үлгі қыларлық.
