Kyzylorda-news.kz. Бүгін қала әкімдігінің ұйымдастыруымен қалалық кірістер басқармасының қызметкерлерінің қатысуымен Қызылорда қаласы аумағындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізі бойында орналасқан жанар-жағармай құю бекеттерінде ішкі нарықтығы әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерінің ағымдағы жағдайымен танысу мақсатында аралау жұмыстары жүргізілді.
Аталған жұмыстар барысында ішкі нарықтығы әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерінің қазіргі қоры анықталды. Қала әкімінің орынбасары Дінмұхаммед Ермеков мұнай өнімдерін қолдан тапшылық жасау және заңсыз баға өсуіне жол берілген жағдайда заңға сәйкес тиісті шаралар қабылданатыны туралы түсіндірді.
Естеріңізге салсақ, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жанар-жағармай бағасына өзгеріс қажет екенін, әйтпесе шаруаға қажет кезде тапшылық болу қаупі барын да жасырмады. Премьер-министрдің айтуынша, жанар-жағармай бағасының арзан болуының кері әсері де бар екен.
«Елімізде жанар-жағармай өндіру жыл сайын өсіп келеді. Сонымен қатар тұтыну көлемі де арта түсуде. Бірақ ол ішкі тұтыну көлемінің өсуіне байланысты болып отырған жоқ. Бағасы айтарлықтай арзан болғандықтан, біздің отынды көрші елдерге тасып әкету үрдісі белең алды», – деді Үкімет басшысы.
Жанар-жағармай бағасы жағынан өзге елдермен салыстырғанда бізде ғана арзан екен. Сандарды сөйлетсек, жанармай бағасы Ресейде 45%-ға, Қырғызстанда 64%-ға, Өзбекстанда 100%-дан жоғары. Демек, біздегі арзан бағадағы жанармайға сырттағылардың сұранысы артуда. Нәтижесінде біз де жанармай тапшылығына, әсіресе егін егу кезінде дизель отынымен қамтамасыз етуде елеулі қиындықтар туындауының себебі осы.
«Бензин мен дизель отынының бағасын одан әрі ұстап тұру елдің энергетикалық қауіпсіздігіне теріс әсер етуі мүмкін. Біз Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы баға айырмасын төмендетуге мәжбүрміз. Бізде бұдан басқа жол жоқ. Әйтпесе бір айдан кейін жанармай тапшылығына тап боламыз», – деді Премьер-министр.
Ішкі нарықты жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ету үшін Үкімет нақты шешім қабылдады. Алайда бұл шешімді қабылдау да оңай болмағанға ұқсайды. Себебі жанар-жағармай бағасының қымбаттауы елге жақпайтыны сөзсіз. Амал жоқ, Үкімет жанармай бағасын көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Премьер-министр БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты.
«Бұл оңай шешім емес, бірақ оны қабылдауға мәжбүрміз. Егер қазір мұндай шешімді қабылдамасақ, онда жақын арада жанармай тапшылығына тап боламыз», – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министрдің айтуынша, Қазақстанда дизель мен бензиннің тұтыну деңгейі өте жоғары. Жылына 1 адамға дизель отыны 370 литрден келеді. Мысалы, Ресейде – 225 литр, Қырғызстанда – 98 литр, Өзбекстанда – 44 литр. Тұтыну деңгейі жоғары қарқынмен өсіп келеді.
«Мұндай жағдай жанар-жағармайдың көрші елдерге транзиттік көліктермен және «сұр» экспорт түрінде шығарылуының артуына байланысты. Ал экономиканың негізгі салаларында нақты тұтыну көлемі айтарлықтай өзгерген жоқ», – деді Премьер-министр.
