Kyzylorda-news.kz. Көктемде құрылыс қыза түсті. Жан-жақта қызу тіршілік. Соның ішінде жол жөндеу жұмысы қарқынды. Қала орталығындағы жалпы ұзындығы 4,2 шақырым болатын Бейбарыс сұлтан көшесін қайта жаңғырту жұмысы қолға алынды. Ақпан айында басталған жолдың құрылысы осы жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Пакуатдин Шамұратовтың мәліметіне сүйенсек, қазіргі күні Бейбарыс сұлтан көшесінде реконструкциялау жұмысы жүріп жатыр. Жалпы осы жолды кеңейту мақсатында жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, республикалық бюджетке ұсынылған еді. Бюджеттен тиісті қаражаттар бөлінуде. Бұл жолдың мердігері «УАД» ЖШС техникалық қадағалаушы мекеме «Алатау сапа құрылыс» ЖШС, авторлық қадағалаушы мекеме КБ «МунайГазИнжиниринг» ЖШС. 

«Жалпы Бейбарыс сұлтан көшесінің құрылысы 12 ай деп белгіленген болатын. Дегенмен, медігер мекемелермен бірлесіп, осы жылдың қыркүйек айына дейін заманауи жолды ел игілігіне табыстаймыз деп жоспарлап отырмыз», – деді басқарма басшысы Пакуатдин Шамұратов. 

Бейбарыс сұлтан көшесінде заманауи жарық шамдар мен аялдамалар және жаяу жүргінші жолдар салынады. Сондай-ақ бұл көше 4 жолақты болып кеңейтіледі. Осының нәтижесінде қала орталығында кептелістер азайып, автомобиль жолы кеңеймек. 

«Қазіргі күні Назарбаев даңғылынан бастап, Құмкөл трассасына дейін реконструкциялау жұмысы жүргізілуде. Бұл жобаның құны 2 млрд 349 млн теңгені құрайды. Негізі жолдың сапалы әрі ыңғайлы болуы үшін тиісті мекемелермен күнделікті қадағалау жүргізілуде. Күз мезгіліне дейін халық игілігіне табысталатын болады», – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі басшысының орынбасары Дархан Бақтияров.

Сондай-ақ Бейбарыс сұлтан көшесінің облыстық мешіттің арғы бет жағы да кеңейтіледі. Ол жағы 6 жолақты болады. Сонымен қатар облыстық әкімшілік ғимаратының алдына құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ол жердегі қоршаулардың барлығы алынып, алдына екі субұрқақ, сквер, автотұрақтар салынады деп жоспарлануда. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан сұрақтар да туындаған еді. Тұрғындар құрылыс жұмыстары аяқсуға кері әсерін тигізбей ме деп алаңдауда.

Дархан Бақтияровтың айтуынша, бұл жол құрылысының аяқсуға келетін жүйеге ешқандай әсер етпейді. Қазіргі күні тиісті сала мамандары өз ісіне кірісті. Бәйтеректе асфальтты көшелер көбейеді Бәйтерек тұрғын ауданында да қызу жұмыс қолға алынды. Ол жақта ұзындығы 11,8 шақырымды құрайтын 7 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі. Жол жөндеу жұмыстарын жеңімпаз атанған мердігер мекеме «Қызылорда жолдары» ЖШС атқаруда. Бұдан бөлек тұрғын ауданда мердігер мекеме «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС-мен Бәйтерек тұрғын ауданын қаламен байланыстыратын Қызылжарма каналы арқылы өтетін жаңа автокөлік жолы көпірінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Биыл қанша көше жөнделеді? 

Биыл Қызылорда қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында 230дан астам көшеге жол жөндеу жұмысын жүргізу қарастырылған. Осы мақсатта бюджеттің барлық түрлері мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы жалпы соммасы 10 млрд 246 млн теңге бөлінді. Бүгінде жол жөндеу жұмысы «Саяхат», «Бәйтерек» тұрғын аудандарында басталды. Айта кету керек, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қызылжарма, Ақсуат, Қарауылтөбе, Қосшыңырау, Талсуат, Қызылөзек ауылдық округтерінен барлығы 46 көшеге, Ұлттық қордан бөлінген қаржыға Қарауылтөбе ауылдық округіне қарасты кіре беріс жолдың бойында орналасқан жаңа қоныс аумағына, Қызылорда қаласы мен Жезқазған тас жолының бойындағы 150 гектар жерге, Қызылорда қаласының Сарысу көшесі бойындағы Шорғазы тұйығына және кенттер мен ауылдық округтердің 26 көшесіне қиыршық тас төсеу жүргізіледі.

Бұдан бөлек қала мен оған қарасты кент және ауылдық округтердегі 106 көшеге облыстық бюджеттен орташа жол жөндеуге 1 752,6 млн теңге қаралып, қала бойынша 76 көшеге, Бөлкөл кенті бойынша 6 көшеге, Тасбөгет кенті бойынша 14 көшеге және «Сабалақ» саяжайына қарасты 10 көшеге асфальт төселінбек. Жаяу жүргіншілер жолы салынады Осы жылы қаламыздың жолинфрақұрылымын дамытуда іргелі істер өз жалғасын таппақ. Бұл бағыттағы жұмыстардың бірі, 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салуға облыстық бюджеттен 690 млн теңге бөлінді. 

Қазіргі таңда «Қызылорда жолдары» мердігер мекемесі қаладағы Скаткова, Уәлиханов, Әбілқайырхан, Бөкейхан, Көшербаев көшелері мен Титов қыстағындағы Жанкент көшесінде жаяу жүргіншілер жолдары құрылыс жұмыстарын бастады.

Тағы да оқыңыз: