Kyzylorda-news.kz. Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «2022 жыл – Балалар жылын» қорытындылау мақсатында «Ұлағатты ұрпақ – ұлт болашағы» атты мерекелік кеші өткізілді.
Кешті Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемұлы ашып берді. Басқарма басшысы балалар жылында ұйымдастырылған түрлі мәдени шаралар мен байқауларда белсенділік танытқан балалар мен кітапхана оқырмандарын арнайы құттықтады. Сондай-ақ халықтық тәрбие мен көркемсөз өнеріндегі ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келе жатқан, қазіргі қазақ балалар әдебиетіне қалам тартқан ақын-жазушыларды арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен марапаттап, осы бағытта берілген тапсырмалар мен атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Мерекелік кешке балалар ақындары Рахат Наурызбаева, Оразбай Қосанов, Қуат Ахетов, Ержеңіс Әбді, Алтынай Берік, жазушылар мен ақындар, әдебиеттанушылар, журналистер мен бақ өкілдері қатысты.
Мерекелік шара «Ұлағатты ұрпақ – ұлт болашағы» атты кең көлемді, мазмұнды кітап көрмесімен танысудан басталды.
Шара барысында кітапхананың өнерпаз оқырмандары «Еркем-ай балапан» балабақшасының балдырғандары «Қызыл телпек» ертегісін сахналап, Түркия елі, Измир қаласында өткен Халықаралық балалар ойындары мен билері фестивалінің бірінші орын иегері Е.Сармырзаев әсем ән шырқаса, «Қарақат» мектеп студиясының мың бұралған бишілері «Қазақ биін», «Сыр еркесі» балабақшасы бүлдіршіндері «Балбырауын» биін орындап, көрермен көзайымына айналды.
Кездесу кеші көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қызықты сәттермен аяқталды.


