Kyzylorda-news.kz. Сырдың бас шаһарында жаз бойы құрылыс қыза түспек. Бүгінде қаланың әр бұрышында қарбалас тіршілік. Сол жағалауда күн сайын биіктей түскен жаңа нысандар менмұндалайды. Қала орталығындағы ескі үйлер жаңарған кейіпке еніп, қала көркін аша түссе, Бейбарыс Сұлтан көшесінде Өнер орталығының құрылысы, көшені жаңғырту жұмыстары, Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысында теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі және тағы басқа санай бастасақ таусылмайтын жаңа жобалар аз емес.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарын аралап, көркейту және абаттандыру жұмыстарымен танысты.

Алдымен аймақ басшысы «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалы құрылысы барысын көрді. Жоба демеушісі – «Болат Өтемұратов» жеке қоры нысанды келесі жылдың мамыр айында аяқтауды жоспарлауда. Құрылыстың жалпы құны 15 млрд теңгені құрайды, тапсырыс беруші және мердігер мекеме  – «Accent Development Solutions» ЖШС.

Әрі қарай облыс әкімі Сұлтан Бейбарыс көшесін жөндеу жұмыстарымен танысты. Облыс орталығын көркейту үшін тұрғындардың сұранысы бойынша Сұлтан Бейбарыс көшесінің 1 шақырым бөлігі қайта жаңғыртылып, абат­тандырылуда. Мердігер мекеме көшені 6 жолақты етіп кеңей­тіп, субұрқақтарды орнатады. Құрылыс жұмыстары жылдың аяғына дейін жүзеге асырылмақ.
Мұнан әрі Нұрлыбек Машбек­ұлы «Неке сарайының» құрылыс алаңына барды. Жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын ауқымды жоба 2022 жылдың қыркүйек айында басталған. Биыл тамыз айында пайдалануға берілмек.

Аймақ басшысы «Сырдария» шағын ауданындағы №1,2 үйлердің қасбеттерін заманауи панельмен қаптау жұмыстарын көрді. Еске салсақ, биыл облыс әкімінің бастамасымен аймақтың ірі кәсіпкерлері бірқатар көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін абаттандыруға қаражат бөлді. Нәтижесінде қаланың орталық көшелері ажарланып, көркейе түспек.

Нұрлыбек Нәлібаев бірін­ші кезекте атқарылатын жұмыстардың сапасына назар аударуды тапсырды.

«Ең бірінші кезекте жұмыс сапасына мән беру керек. Мейлі, ол ғимарат құрылысы, жол құры­лысы болсын, су немесе газ жүргізсін, ең бастысы – сапа. Сондықтан жұмыс барысын күнделікті бақылау керек. Жобаны мақұлдау сатысынан бастап толық аяқталғанға дейін  жіті қадағалаңыздар», – деді аймақ басшысы.

Мұндай жұмыстар Абай даңғылы,  Н.Назарбаев даңғылы мен Ғ.Мұратбаев көшесінің бойындағы көпқабатты үйлерде де қолға алынуда. Тұрғын үйлердің аулаларында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балалар ойын алаңдары салынады.

Ал Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысында теміржол арқылы өтетін жаяу жүр­гін­шілер көпірі салынады. Көпірдің ұзындығы 55 – метр. Нұрлыбек Машбекұлы әзірленген жобаның сапасына жоғары баға беріп, осы тұстағы көпір мәселесі өзекті екенін атап өтті. Бюджетті жоспарлау барысында алдымен халықтың көкейіндегі түйткілді мәселелерге басымдық берілетінін қаперге салды. Аталған жоба бюджет қаражатын және уақыт үнемдеу мақсатында демеушілердің қаржысы есебінен жасалды. Нұрлыбек Машбекұлы жобаны әзірлеген компания өкілдеріне алғысын айтты.

Облыс әкімі сол жағалаудағы құрылыс нысандарын да аралады. Мұнда өткен жылы тамыз айында облыстық қан орталығының құрылысы басталған болатын. Келер жылы наурыз айында 100 келу­шіге арналған емханасымен бірге 300 төсектік көпбейінді аурухана ашылады.

Қала сәулетіне ерекше сән беретін тағы бір жоба – Яссауи көшесінің жаңа кейіпке енуі. Көше төрт жолаққа кейейтіліп, тұрғындар үшін аллея салынбақ. Жаңа жобамен аймақ басшысы танысты. Көшені жаңғырту жоба­сын жүзеге асыруға білек сыбана кіріскен облыс әкімі­нің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы «Facebook» әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді.

«Жуық арада қаламыздағы басты көше­лердің бірі Қожа Ахмет Яссауидің бір бөлі­гінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Қызылордаға қызметке келгелі ойға алып жүрген істің бірі – бюджетке салмақ салмай және қысқа мерзімде аталмыш көшенің жобасын жасау болатын. Жобалау сметалық құжаттамасы демеушілік қаражат есебінен тегін жасалды. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлына жобаны таныс­тырдық. Негізгі мақсат – тұрғындарымыздың ыңғайлы өмір салтын дамытуды қолға алып, соған сай дүниелер салу. Олардың қатарында жарық­шамдар, балалар ойын алаңшасы, бастырмалар, субұрқақтар, спорт алаңы, жүгіру жолы, жаяу жүргіншілер көпірі, жаяу жүргіншілер жолы мен веложол бар. Жалпы айтқанда, көшенің екі жиегінде желілік саябақ пайда болады. Сонымен қатар қаланың Бас жоспарына сәйкес екі жолақты жолды төрт жолақты ету жұмысы жүргізіледі. Бұйырса, құрылыс жұмыстары басталса, келер жылға өтпелі болуы ықтимал. Жоба аяқталып, халық игілігіне берілсе, қаламыздың көркін келтіріп қана қоймай, тұрғындарға да пайдалы болады деп сенеміз» - делінген жазбада.

Бір сөзбен айтқанда, жолы кең, тұрғындар үшін саялы жолы бар Яссауи көшесінің жаңғыртылуы қала үшін де, қалалықтар үшін да маңызды.

Құрылысы қыза түскен «Өнер орталығының» жұмыс барысын көруге облыс әкімінің орынбасары орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыс әкімінің аппарат басшысы Шахмардан Байманов, қала әкімі Асылбек Шәменов пен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төралиев құрылыс алаңына арнайы барды.

1000 келушіге арналған көпфункционалды  орталықтың іргетасы былтыр тамыз айында қаланған. Нысан жыл соңында пайдалануға берілмек. Құны 3,7 млрд теңгені құрайтын екі қабатты ғимаратта симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізуге ыңғайлы. Нысан құрылысын өңірге белгілі тәжірибелі құрылыс компаниясы «СМП Қызылорда» ЖШС мекемесі жүргізуде. Бүгінде құрылыс басында 100-ден аса құрылысшы жұмыс істеуде. Жыл аяғына қарай  есігін айқара ашатын «Өнер орталығының» тосын сыйы да бар. Яғни Сыр өңірінде симфониялық оркестр құру жоспарлануда. Жаңа шығармашылық ұжымның алғашқы концерті осы жаңа орталықта көрерменге ұсынылмақ.

Тағы да оқыңыз: