Kyzylorda-news.kz. Жас отбасы Аяпбергеновтер «Азия камыш» ЖШС-ін құрып, бүгінде  Сырдың қамысын шетелдіктерге жеткізуде. Қазалы ауданының Кәукей ауылында тұратын кәсіпкер қамыстың қадірін 2021 жылдан бері біліп келеді. 

Шынында қамыстың қадірін біз білмегенмен, басқалар біледі екен. Қайбір жылы қамысты экспортқа шығару жайы айтылғанмен, оның нәтижесі белгісіз болып қалған еді. Енді міне, көрмеде қамысты кәсіп еткендерді кездестірдік. Бір қызығы, көрмеде самсаған қанша өнім болса да, келушілер ең алдымен қамыс иесінің жанынан үйіріле қалады. Үйдің төбесін қамыспен жабуға болатынын макет арқылы түсіндіргі келген кәсіпкердің әңгімесі қызықтырды ма, әлде далада есепсіз өскен өсімдіктен қып-қызыл пайда табуға болатынына қызықты ма, әйтеуір елдің бәрі кәсіпкердің аузына қарап қалыпты. Кәсіпкердің айтуынша, шетелдіктер, мәселен Германияда қамыс үйдің төбесін жабуға, яғни шатыр орнына пайдаланады екен. Біле білгенге қамыс қауіпсіз, экологиялық таза өнім, денсаулыққа пайдалы. «Шырпы тисе, лап ете қалмай ма?» деген сұрақ әркімнің көкейінде сайрап тұр. Мұны байқаған кәсіпкер Райысбек Аяпбергенов смартфонындағы бейнежазбадан қамыс шатырға шырпы тигізсе, өртенбегенін көрсетіп жатыр. Яғни, кірпіш қалағандай етіп, тығыз жабылған қамыс арасына ауа өтпегендіктен өртенбейді екен. Қамыстан нәпақа тапқан ерлі-зайыпты екеуі де теміржолшы. Біраз жыл теміржол саласында еңбек етіп, кейін уақыт талабына сай кәсіпке бет бұрған олар шетелдіктер сұраныса ие қамысты әлемнің бұрыш-бұрышына жеткізу үшін тәуекелге бел буыпты. Жас шаңырақтың иесі қамыс шабу, жинау секілді шаруаны ыңғайласа, отанасы Венера Тайлақбаева шетелдіктермен байланыс жасау, келісімшарт жасасу секілді іс-қағазға мығым. Өзі ағылшын тілін жетік біледі екен. Он баланың анасы. Балаларды жеткізу үшін ерінбей еңбек етіп, жақсы табыс табуды мақсат еткен отбасының  кәсіпкерлік саласындағы ісі алға жүре бастады. Әдепкіде жеткізу, келісу секілді жұмыстарда қиындықтар болғанмен, бұл да бір ізге түсіп қалыпты. Бір атап айтарлығы, маусымдық жұмысқа бір мезгілде 350-400 адам жұмысқа тартылады екен. Ауыл тұрғындары қамысты орып, әр бауын 350 теңгеден өткізеді екен.

«Қамыс ору маусымында 350-400 адамды жұмысқа қабылдаймыз. Олардың міндеті – қамыс орып, буып өткізу. Қанша қамыс орса, сонша ақшасын алады. Бір қамысты 350 теңгеден қабылдаймыз. Қамысты орудың, баулаудың өз талаптары бар. Негізі қамысты қыста, аязды күндері шабады. Сол кезде қамыс қатты болып тұрады. Оны құрғақ жерге сақтаймыз. Баулаудың да өз тәртібі бар. Сынған, бүлінген қамыс кетпеу керек, тазалап барып баулау қажет. Дайын қамысты сыртқа жіберу үшін арнайы жүк көліктерін жалдаймыз. Қамыстың біздің жақта қадірі болмағанмен, шетелдіктер сұранысына ие. Қазір Германия, Нидерланды, Дания, Франция, Польша, Беларусь елдерімен келісім жасадық», – дейді Венера Тайлақбаева.

Бізде қадірі жоқ қамыстың шетелдіктер үшін қажет болғаны сонша, олар  алтын бағасына тең бағаға сатып алады екен. Демек, кәдеге жарата білсең қамыс дегенің алтыннан да қадірлі.

Қамысшылар сыртқа жылына 1000 тоннадай қамыс өткізеді екен. Алдағы уақытта қамысты өз жерімізде кәдеге жарату жосапары да бар.

«Алдағы уақытта қамыстан көмір шығарсақ дейміз. Ол үшін арнайы құрал-жабдықтар сатып алып, шетелдік мамандардың шақыры, тәжірибе алмасамыз. Өзімізде бардың бағасын біліп, кәдеге жарату керек», – дейді көпбалалы ана, жас кәсіпкер.

Тағы да оқыңыз: