Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебайдың төрағалығымен өткен жиында коммуналдық қызметтердің мәселелері талқыланды. 

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Қызылорда тазалығы» мекемесі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Әбдіғаппарұлы «Қызылорда қаласының санитарлық-тазалық мәселелері» туралы баяндама жасады. 

Қазіргі таңда, кәсіпорын қызметкерлерімен қала көшелерінде санитариялық тазалықты сақтау бағытында жүйелі түрде жұмыстар ұйымдастырылып келеді. Кәсіпорынның мобильдік топтарымен тәуліктің кез келген уақыттарында белгіленбеген орындар мен кестеден тыс уақытта қоқыс тастаған тұрғындарды анықтау жұмыстары жүргізілуде. 

Қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Бақтығалиұлы қала тазалығын қамтамасыз ету мақсатында құрылған мобильдік топпен анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтарға полиция қызметкерлері тарапынан тиісті айыппұл салу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. 

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша «Қала көлеміндегі ассенизатор автокөліктермен рұқсат етілмеген жерлерге кәріз суларын төгу жағдайлары» туралы «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің заң бөлімінің басшысы Фараби Ұзақов баяндап өтті. Бөлім басшысы баяндамасында биылғы жылы рұқсат етілмеген жерлерге лас суларды төгу фактілерін анықтау мақсатында жүргізілген рейд барысында жеке ассенизатор автокөліктерімен заңсыз кәріз суларын төгудің 96 фактісі тіркеліп, кәсіпорынға жалпы 7,6 миллион теңгеге шығын келтірілгенін атап өтті. 

«Орын алып отырған заң бұзушылықтарды ескерсек, жоғарыда аталған әр саладағы жұмыстарды ширату керектігін көрсетеді. Тазалық тәртібін бұзып, кәріз суларын бей-берекет төгетін автокөліктердің жолын кесуге басымдық беру қажет», – қала әкімінің орынбасары деді Ғалымжан Бақтығалиұлы.

Тағы да оқыңыз: